Ақмола облысындағы Бестөбе кенішінде тау жынысы опырылып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға 19 мамырда «Қазақалтын» компаниясына қарасты «Орталық» шахтасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, опырылған үйіндінің астында заңсыз алтын іздеумен айналысқан азаматтар қалған.
Құтқарушылар апат орнына жету үшін шахта ішіндегі шамамен бір жарым шақырым жолды жүріп өткен.
Кейіннен 38 және 21 жастағы екі ер адамның денесі жер бетіне шығарылған. Белгілі болғандай, олар Ақмола облысына Солтүстік Қазақстан өңірінен табыс табу мақсатында келген.
Қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
– Бұл факті бойынша Степногорск қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, – деп хабарлады ведомство.
Аталған бапта күзетілетін нысанға заңсыз кіру салдарынан абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкелу мәселесі қарастырылған.
Бұл – мұндай алғашқы оқиға емес
Айта кету керек, бұл – соңғы айлардағы Бестөбе кенішіндегі алғашқы қайғылы жағдай емес. Бұған дейін, яғни биылғы 23 наурызда дәл осы кеніште тағы топырақ опырылып, үш заңсыз кен іздеуші үйінді астында қалған еді.
Сол кезде бір адам оқиға орнында қаза тауып, тағы екеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Кейін бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған болатын.
Айта кетейік, Бестөбе алтын кеніші өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Кейін бұл аумақта алтын өндірушілер кенті қалыптасқан.