homepage
ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Тек дайындық орталықтарының еңбегі емес: Аймағамбетов ҰБТ-дағы жоғары нәтиже туралы

20.05.2026, 15:42

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаған түлектерге пәтер, көлік және ақшалай сыйлық беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Марапаттағанда тұрған ештеңе жоқ»

Депутат алдымен 130 және 140 балл жинаған мектеп бітірушілерді құттықтап, мұндай нәтиже ұзақ жылғы еңбектің жемісі екенін айтты.

– Бұл – баланың талпынысы, ата-ананың қолдауы және мектеп мұғалімдерінің еңбегі тоғысқан үлкен жетістік. Сондықтан мұндай нәтижелер – бәрімізді қуантатды, – деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру орталықтарының үздік түлектерге сыйлық табыстауында тұрған ештеңе жоқ. Оның пікірінше, бұл – орталықтардың өздерін танытып, талапкер тартуға бағытталған маркетингтік тәсілі.

– Егер балаларға пәтер, көлік немесе басқа да сыйлықтар беріліп жатса, мен бұдан ешқандай теріс нәрсе көрмеймін. Бұл – белгілі бір деңгейде жарнама. Орталықтар “біздің оқушымыз осындай нәтиже көрсетті” деп өз жетістігін көрсеткісі келеді, – деді депутат.

«140 баллды қысқа уақытта дайындап шығару мүмкін емес»

Сонымен қатар ол жоғары нәтиженің барлығын тек дайындық орталықтарының еңбегімен байланыстыру дұрыс емес екенін атап өтті.

– Бір айда, үш айда немесе бір жылда баланы 140 баллға жеткізетін ерекше технология жоқ. Егер түлек 140 балл жинап, Гарвард университеті, Назарбаев Университі немесе Назарбаев Зияткерлік мектептері секілді оқу орындарына түссе, бұл – ең алдымен мектептегі білім беру жүйесінің, мұғалімдердің, ата-ананың және баланың өз еңбегінің нәтижесі, – деді ол.

Депутат қосымша білім беру орталықтары белгілі бір деңгейде көмектескенімен, негізгі еңбек мектеп мұғалімдеріне тиесілі екенін айтты.

– Әрине, қосымша орталықтар өз әдістемесімен көмектеседі. Бірақ негізгі жұмысты көбіне көзге көрінбей қалатын мектеп мұғалімдері атқарады. Сондықтан мұндай нәтижені толықтай бір ғана орталықтың жетістігі деу дұрыс емес, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.