АҚШ-тың Оклахома штатының Бас прокуроры Гентнер Драммонд қытайлық Temu маркетплейсін сотқа берді. Ол компанияны тұтынушылардың жеке деректерін заңсыз жинады, азаматтардың құпиялылық құқығын бұзды және жалған өнімдерді сатты деп айыптап отыр.
Қазіргі таңда іс Кливленд округінің сотында қаралуда. Талап арызда Temu платформасының сатып алушыларды түрлі маркетингтік айла-тәсілдер арқылы жаңылыстырып, заң талаптарына қайшы қызмет жүргізгені айтылған.
«Temu өз платформасында сатылатын тауар сапасы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып қана қоймай, жалған баға көрсету, ойын элементтерін пайдалану, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын лицензиясыз тауарларды сату секілді түрлі коммерциялық алдау тәсілдерін қолданады. Мұның бәрі қолданушыларды қосымшада көбірек уақыт өткізуге итермелейді. Ал бұл өз кезегінде Temu-ге сатып алушылар туралы көбірек дерек жинауға мүмкіндік береді. Осылайша қосымша тұтынушылардың құпиялылық құқығын бұзуды жалғастырып, оларға қаржылық шығын келтіруде», – делінген талап арызда.
Сондай-ақ талап арызда Temu платформасында «Оклахома-Сити Тандер» баскетбол клубының, Оклахома штатының Университеті және Оклахома Университеті брендтерімен шығарылатын тауарлардың қолдан жасалған көшірмелері сатылғаны айтылады. Бұдан бөлек, арызда қолданушыларды достарын қосымшаға шақыруға үгіттейтін, есесіне сыйлықтар мен бонустар уәде ететін, алайда кейін ол сыйақылар берілмейтін алдамшы тіркеу схемалары да көрсетілген.
Сонымен қатар талап арызда қосымшаның пайдаланушылардың құрылғыларына жасырын түрде еніп, олардың рұқсатынсыз құпия ақпараттарға қол жеткізетіні жан-жақты баяндалған. Атап айтқанда, қолданушының нақты орналасқан жері, телефонның микрофоны мен камерасы, сондай-ақ телефонға орнатылған өзге қосымшалардағы жеке белсенділігі туралы мәліметтер оның келісімінсіз жиналатыны айтылған.
Талап арызда Temu-дің пайдаланушылар туралы шамадан тыс мәлімет жинайтынына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, қосымша адамның нақты орналасқан жерін, телефонның микрофоны мен камерасын, тіпті өзге қосымшалардағы белсенділігін бақылауы мүмкін екені көрсетілген.
«Temu компаниясы өз бизнес моделін алдау тәсілдеріне негіздеген. Ол тұтынушыларды пайдаланып, америкалық компаниялардың бәсекелестік мүмкіндігін әлсіретіп, қолданушылардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Оклахома тұрғындарының жеке мәліметтері заңсыз пайдаланылып, тұтынушылар алданған жағдайда менің кеңсем қарап отырмайды. Оклахома халқы өздерінің жеке ақпараты мақсатсыз қолданылып жатқанын және оның Қытайдағы коммунистік билікпен байланысы бар компаниялардың қолына түсуі мүмкін екенін білуге құқылы. Бұл талап арыз Оклахоманың тұтынушыларды аңду үшін алдамшы технологияларды қолданып, ұрланған деректер арқылы пайда табатын компанияларға төзбейтінін айқын көрсетеді», – деп мәлімдеді бас прокурор Гентнер Драммонд.
Қазақстанда шетелдік маркетплейстердің қызметіне қатысты мәселені, соның ішінде Temu платформасына байланысты түйткілдерді депутат Азат Перуашев бірнеше рет көтерген болатын. Ол отандық сауда алаңдары мен шетелдік маркетплейстерге түсетін салық жүктемесінің айырмашылығына назар аударған еді. Депутаттың айтуынша, қазақстандық маркетплейстер корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік төлемдерді және зейнетақы аударымдарын толық көлемде төлейді. Ал шетелдік платформалардың міндеттемесі көбіне тек ҚҚС көлеміндегі «Google салығымен» ғана шектеледі.
Азат Перуашев шетелдік маркетплейстер Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына қаржы салмайтынын және жергілікті тауар өндірушілерді қолдамайтынын атап өтті. Депутаттың пікірінше, «Google салығы» жеткіліксіз, жағдайды өзгертіп, қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге ортақ әрі әділ талап қою қажет.
«Мен жеке өзім, “Ақ жол” демократиялық партиясының өкілі ретінде де, ұлттық бизнестің өкілдері ретінде еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ ол нарық бәріне бірдей, тең жағдайдағы нарық болуы тиіс. Егер өз еліміздің аумағында, өз нарығымызда шетелдік компаниялар артықшылыққа ие болса, бұл, кешіріңіздер, еркін нарық емес. Бұл – әділетсіздік. Өз жеріндегі кәсіпкерлердің кемсітілуі. Біз ережелердің әділ, шарттардың тең болуын қалаймыз. Тіпті ұлттық нарық тұрғысынан қарасақ, мемлекеттік сатып алуларда, квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік сатып алуларда отандық өндірушілерге басымдық берілуі тиіс», – деді депутат.
Ал Ranking.kz сарапшылары шетелдік маркетплейстердің Қазақстан нарығына кеңінен енуі ел экономикасы үшін ықтимал қауіп төндіретінін айтады. Олардың пікірінше, бір жағынан мемлекет бюджеті салық түсімінен қағылуы мүмкін, ал екінші жағынан шағын және орта бизнес алып халықаралық платформалармен бәсекеге төтеп бере алмай, нарықтан ығыстырылуы ықтимал. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың артуына және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.