homepage
Фото ашық дереккөзден

Мектеп бітіру кешіне қатысты қандай қатаң талаптар қабылданды

20.05.2026, 10:56

Қазақстан мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша 18 мың оқушы «Алтын белгіге» үміт артып отыр.

Соңғы қоңырау қалай өтеді?

25 мамырда еліміздің барлық мектебінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Онда оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады.

Сонымен қатар оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.

Мектеп бітіру кештеріне қандай шектеу қойылды?

Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен шешіміне сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынды.

Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға, мұғалімдерге сыйлық беруге және басқа да материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді.

Аттестат пен диплом тапсыру рәсімі тек оқу орындарының қабырғасында ұйымдастырылады.

Министрлік бұл шешім оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қабылданғанын атап өтті.