homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда қай мамандық иелері 3,5 млн теңге жалақы сұрайды - статистика

20.05.2026, 10:23

2026 жылдың сәуір айында Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің белсенділігі айтарлықтай артқан. Платформада 104,7 мың бос жұмыс орны жарияланса, жұмыс іздеушілер тарапынан 123,3 мың түйіндеме (резюме) орналастырылған. Наурыз айымен салыстырғанда вакансиялар саны 2,1%-ға, ал жұмыс іздегендердің үлесі бірден 15,1%-ға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері платформада жалпы алғанда 409 мың бос жұмыс орны мен 517,7 мың түйіндеме жарық көрді.

Ең жоғары жалақыны кімдер сұраған?

Сәуір айында ұшқыш мамандығы ең жоғары жалақы көрсеткіші бойынша көш бастаған. Жұмыс берушілер оларға орта есеппен 1,9 млн теңге ұсынса, үміткерлердің күткен айлығы 3,9 млн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ жоғары жалақы ұсынылған мамандықтар қатарында:

  • бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі – шамамен 1,7 млн теңге;
  • жабдықтарды сынау жөніндегі басшы – 1,6 млн теңге бар.

Ал ең жоғары жалақы күтетіндердің қатарында бортсеріктер мен жақ-бет хирургтері де аталды.

Қай салада маман жетіспейді?

Ең көп вакансия білім беру саласында тіркелген – 20,2 мың бос орын.

Сонымен қатар:

  • қызмет көрсету саласында – 15,5 мың;
  • ауыл және орман шаруашылығында – 10,7 мың;
  • өңдеу өнеркәсібінде – 9,5 мың;
  • денсаулық сақтау саласында – 9,4 мың вакансия жарияланған.

Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны:

  • Астанада – 8,5 мың;
  • Павлодар облысында – 7,2 мың;
  • Алматыда – 6,7 мың болған.

Жұмыс іздеушілердің көбі – жастар

Жыл басынан бері платформада жалпы 409 мың бос жұмыс орны мен 517,7 мың түйіндеме жарияланған.

Нарықтағы вакансиялардың да (46%), түйіндемелердің де (42%) негізгі бөлігі орта білікті мамандарға арналған. Жоғары білікті және төмен білікті кадрлардың үлесі тең деңгейде — 27%-дан.

Биржада бағын сынаған жұмыс іздеушілердің басым бөлігі — жастар. Үміткерлердің жас ерекшелігі мен жыныстық көрсеткіші төмендегідей бөлінген:

  • 35 жасқа дейінгі жастар — 39%;
  • 35–44 жас аралығы — 28%;
  • 45–54 жас аралығы — 20%;
  • 55 жастан асқандар — 13%.

Жұмыс іздеп жатқан азаматтардың 53%-ын әйелдер құраса, қалған 47%-ы — ер адамдар.