homepage
Juzmedia.kz

Тұншықтырып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларын азаптаған әйелге сот үкімі шықты

20.05.2026, 09:37

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өз балаларын қорлап, азаптады деп айыпталған 30 жастағы Гүлмира Ергешоваға қатысты іс аяқталып, үкім шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Сот анықтаған деректер

Сот мәліметінше, сұмдық оқиғалар осы жылдың басында болған. Туған анасы 2017 жылы туған ұлы мен 2015 жылы туған қызына үнемі қатыгездік көрсетіп, ауыр дене жарақаттарын салған.

Әйел ұлын темекі шегіп отырған жерінен көріп, оны ұрып-соққан, кейін шанышқыны қыздырып, баланың аузын күйдірген. Келесі күні де ұлын қайта соққыға жыққан. Бірнеше күннен соң балаларын «10 мың теңге ұрлады» деп айыптап, қыздырылған үтікпен ұлының бетін, ал қызының ішін күйдірген.

Сонымен қатар әйел балалардың шашын тақырлап алып, оларға тұрақты түрде моральдық-психологиялық қысым көрсеткен.

Қаңтар айында балаларын өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлегені, сондай-ақ суға тұншықтырып, азаптағаны анықталды.

Қазіргі уақытта балалар мемлекет қамқорлығына алынған.

Соттағы уәждер мен айыпталушының сөзі

Сот залында Гүлмира Ергешова істеген ісіне өкінетінін айтып, өз кінәсін толық мойындағанымен, шыққан үкіммен үзілді-кесілді келіспейтінін жеткізді.

Otyrar телеарнасының хабарлауынша, ол бұл әрекеттерді жасаған кезде өзін бақылай алмағанын (аффект жағдайында болғанын) алға тартты.

Сондай-ақ 10 жыл бойы күйеуі мен қайын жұрты тарапынан қорлық пен қысым көргенін айтты.

«Екі жақтан да, күйеуім тарапынан да қысым болды. Он жылдық өмірімде мені сындырды. Енем мен күйеуімді Аллаға тапсырдым, сазайын тартсын. Балаларымды мемлекеттің қамқорлығында қалдыруды сұраймын. Олар менің балаларымның ақшасына күн көріп келді. Мұның бәрін айтып жеткізе алмаймын. Бұл кек алу емес, мен қатты күйзеліп жүдім, ештеңе көргенім жоқ», — деді сотталушы Гүлмира Ергешова.

Жәбірленушілердің өкілі сотта оны кешіргенін мәлімдеген болатын. Прокурор әйелді бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот шешімі

Судья Алтын Білтебайдың оқыған үкімі бойынша:

«Сот Ергешова Гүлмира Фархатқызын ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды. Оған 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жазасын өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесі болып белгіленді».

Жеңілдететін жағдай ретінде оның өз кінәсін мойындауы мен өкінуі ескерілген. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі.

Алайда сотталған әйел мен оның туыстары бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді.