homepage
Фото: Instagram Sen Sulu

"Sen Sulu" ресейлік блогер түскен роликті өшірді

19.05.2026, 15:17

Желідегі сыннан кейін отандық “Sen Sulu” косметика компаниясы ресейлік блогер Валя Карнавал түскен жарнамалық роликті әлеуметтік желіден алып тастады.

Брендтің негізін қалаушы Айнұр Кабелдинова компанияның бұл әрекетін былай деп түсіндіреді: 

“Біздің Қазақстанда құрылған бренд екенімізді біліп, дәл солай айтып жүргенін қалаймыз. Бұл - біздің негізгі ұстанымымыз әрі басты ойымыз болды. Басқа нарықтарға шығу - Қазақстанды немесе өз тұтынушыларымызды ұмыту дегенді білдірмейді. Мүлде олай емес. Керісінше, біз еліміз туралы жақсы пікір қалыптасып, брендіміз жайлы жағымды көзқарас болғанын қалаймыз. Артист таңдағанда біз тек нақты деректер мен фактілерге сүйендік”. 

Оның сөзінше, Валя Карнавал кең аудиториясы бар танымал инфлюенсер ретінде таңдалған, алайда қазақстандық тұтынушылардың көзқарасы толық ескерілмей қалған. Ол алдағы уақытта әртіс таңдауда тек фактілерге ғана емес, комьюнитидің пікіріне де мән беретінін жеткізді. 

Еске салайық, “Sen Sulu” 15 мамырда жаңа кірпікке арналған өнімін таныстырып, жарнамаға ресейлік блогер Валя Карнавалды шақырған. Алайда бұл шешім әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Пікір білдірушілер оның бұрынғы даулы мәлімдемелерін және саяси ұстанымына қатысты көзқарастарын еске алып, брендті бойкоттауға  шақырды. 

Sen Sulu – соңғы бірнеше жылда нарыққа шыққан жаңа қазақстандық beauty-стартаптардың бірі.

Ал, 24 жастағы Валентина Карнаухова (Валя Карнавалдың шын есімі) Ресейдегі ең танымал инфлюенсерлердің бірі саналады. Қазақстандық компанияның ресейлік блогерге бұл жарнама үшін қанша төлегені беймәлім. Алайда, блогермен бір жарнамалық интеграция құны 50 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.