Астана – Токио бағыты бойынша рейстер осы жылдың төртінші тоқсанында, ал Нью-Йоркке тікелей әуе қатынасы келесі жылдың екінші тоқсанында ашылуы мүмкін. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл мәселеге қатысты Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел де бүгін Үкімет отырысында баяндама жасады. Ол бұған дейін рейстің іске қосылуын тежеп тұрған факторларды атаған. Соның бірі – ұшу маршруты. Оңтайлы бағыт Ресейдің әуе кеңістігі арқылы өтуге тиіс еді. Алайда қазіргі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы салынған санкция бұл жолды пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Қазір компания балама маршруттарды қарастырып жатыр. Алайда мұндай бағыттардың шығыны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Жанлыелдің мәліметінше, Алматыдан жүзеге асырылатын рейстердің шығыны мен табысы арасындағы айырма шамамен 15 миллион доллар. Ал Астана арқылы транзиттік бағытты дамыту үшін қосымша 24 миллион доллар қажет.
Сондай-ақ, ол мұндай халықаралық рейстерді іске қосу үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік қолдау керек, қажетті есептер мен ұсыныстар Көлік министрлігіне жолданған.