homepage
фото: ашық дереккөзден

Жәнібек Әлімханұлы: Мен ораламын!

19.05.2026, 14:58

Орта салмақта WBO чемпионы атанған қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы рингке оралатынын мәлімдеді. Қазір спортшы допинг дауына байланысты уақытша жарыстардан шеттетілген. 

Боксшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталғаннан кейін оған қатысты дисквалификация шешімі шыққан еді. Соған қарамастан, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 6 желтоқсанынан кейін шаршы алаңға қайта шығуға мүмкіндік алады.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне үндеу жасап, рингке деген сағынышын жеткізді.

«Алты жасымда алғаш рет бокс қолғабын кидім. Содан бері 27 жыл өтті. Әлі де рингтемін. Алда бізді үлкен сынақтар күтіп тұр. Желтоқсанда әлем чемпионы атағымды қорғаймын», – деп жазды ол.

Айта кетейік, жуырда боксшының командасы WBO ұйымына дисквалификация мерзімін қысқарту немесе толықтай алып тастау жөнінде апелляциялық өтініш берген. Алайда әзірге ұйым тарапынан шешім өзгерген жоқ.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей титул үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Бірақ кездесуге аз уақыт қалғанда қазақстандық спортшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылып, айқас өтпей қалған болатын.