Қазақтың көрнекті жазушысы, «Абай жолы» эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреті табылды. Тарихи кадрда қаламгер қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ ойнап отыр.
Тарихи фотосуретті “Алматыкітап” баспасының ұжымы тауып, бұл жаңалықты Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті Шолпан Қадыроваға сүйіншілеп жеткізген.
Сурет 1950 жылы түсірілген деген болжам бар. Қазіргі уақытта оның түпнұсқасы мен нақты түсірілген орнына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтің айтуынша, бұл фотосурет ұлттық мұра тарихы үшін аса маңызды дерек болып саналады. Оның сөзінше, кеңестік кезеңде ұмыт бола бастаған тоғызқұмалақты қайта жаңғыртуға Мұхтар Әуезов пен Қалибек Қуанышбаев елеулі үлес қосқан.