homepage
фото: ашық дереккөзден

4 млн доллар: қазақстандықтарды Таяу Шығыстан эвакуациялау шығыны жарияланды

19.05.2026, 14:44

Қазақстан үкіметі Таяу Шығыстағы қазақстандықтарды эвакуациялауға шамамен 4 млн доллар жұмсаған. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, алғашқы кезеңде аймақтан шамамен 4 мың адам шығарылса, кейін эвакуацияланған азаматтар саны 10 мыңға жеткен.

«Барлық азаматтарымызды елге қайтардық. Мемлекет бұл шараға орта есеппен 4 млн доллар жұмсады», – деді Сауранбаев.

Оның түсіндіруінше, шығынның бір бөлігі әуе компанияларына өтемақы ретінде төленген. Себебі жолаушылардың бірқатары қайтар рейстеріне билеттерін алдын ала сатып алған.

Сонымен қатар, Қазақстан Дубайдағы азаматтарды жағдай тұрақтырақ елдерге көшіруге де қаржы бөлген. Министрдің сөзінше, негізгі шығын сақтандыру тәуекелдері мен эвакуациялық рейстерді ұйымдастыруға кеткен.

Еске салайық, наурыз айында АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс күшейген кезде Қазақстан Таяу Шығыстағы азаматтарын жаппай эвакуациялай бастаған еді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елге 10 мыңнан астам қазақстандық қайтарылған.