homepage
фото ашық дереккөзден

Футбол көруге кеткен: Талдықорғанда 20 жастағы студент пышақ жарақатынан көз жұмды

19.05.2026, 11:27

Талдықорғанда футбол көріп отырғаннан кейін 20 жастағы студент пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

Марқұм Жәңгір Нұрланұлының анасының айтуынша, оқиға 7 мамырда кешке болған. Оның ұлы достарымен бірге футбол матчын көруге кеткен.

Белгілі болғандай, пәтерде шамамен он шақты адам болған. Олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған.

Жастар арасында жанжал туындап, соның салдарынан мектеп оқушысы Жәңгірге бірнеше рет пышақ сұққан.

Анасының айтуынша, студентке алты жерден пышақ жарақаты салынған.

Жетісу облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

Ведомство мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

“Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті процессуалдық және тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда”, – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ полиция департаменті бұл істің тергеуі Жетісу облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауына алынғанын хабарлады.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.