homepage
фото: ашық дереккөзден

Бейсенсіз өткен алты жыл...

18.05.2026, 14:32

Талантты тележурналист Бейсен Құранбектің дүниеден өткеніне бүгін алты жыл толды. Ол  49 жасқа қараған шағында ауыр дерттен көз жұмған еді. 

Бейсен Құранбек журналистикаға кеш келіп, ерте кетті. Жай кеткен жоқ, «көрермені ең көп журналист» атанып, ізгілік ізін қалдырып кетті. Денсаулығы сыр бергенге дейін сол қалың көрерменінің ортасында отырды. Ол біздің қоғамның айтуға оңай тимейтін тұстарын көрсетті, әр қазаққа қамқор болуға қарекет жасады.

«Мен ұяң болып өстім» депті Бейсен Құранбек бір сұхбатында. Жиырмадан асқанша қызға сөз айта алмағанын да жасырмапты. Ауылдың ұяң баласының мінезін журналистика қалыптастырып берді. Бірақ ол ұр да жық, өркөкірек емес еді. Бейсекеңнің бойындағы биязылықты, ақсүйектерге тән паңдықпен қатар өрілген қарапайымдылықты оның қатарластары тамсана айтады. Оның республикалық «Спорт» газетінен басталған кәсіби жолы қазақ телевизиясынан бір табан ажыраған жоқ. Туған өңіріндегі «Жетісу» телеарнасын екі қайтара басқарды. «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізді. Жүргізе отыра жүздеген адамның тағдырына араша түсті. Халық оны сол үшін де жақсы көретін.

Кәсібіне қанша адал болса, ол үшін ең басты құндылығы отбасы болатын. Ол айтып кеткен отбасының жеті қағидаты – әрбір қазаққа қажет кеңес.

Өмірінің соңғы сәтіне дейін айналасына мейірім мен үміт сыйлап өткен Бейсен Құранбек бүгінде арамызда болмаса да, оның халық жүрегіне жаққан шуағы ешқашан сөнбек емес. Журналистің есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Қазір Талдықорған қаласындағы ұзақ жылдар қызмет етіп, басшылық еткен Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілген. Сонымен қатар Талдықорғанда жыл сайын дәстүрлі түрде оның рухына арналған тағылымды шаралар мен еске алу кездесулері ұйымдастырылып келеді. 

Кәсібилігі бір төбе, адамгершілігі алып тау. Ол үлкенге іні, кішіге пана бола білді. Оның артында қалың қолы көрермені мен шәкірттері, қазақ үшін жасап кеткен қарекеті қалды.