Атырауда бүтін бір отбасының қазасына қатысты резонансты іс бойынша сот процесі басталды. Алдын ала тыңдауда прокурор айыптау актісін оқып, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің қайын жұртына не себепті өшіккенін баяндады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева арасындағы отбасылық жанжал 2022 жылы басталған. Оған әйелінің ата-анасының жас отбасының бөлек тұруын талап етуі себеп болған. Алайда Сәрсемалиев өз ата-анасын тастап кеткісі келмей, бұл талапқа қарсы шыққан. Бұл келіспеушіліктің соңы ақыры ерлі-зайыптылардың ажырасуымен тынады.
Прокурордың айтуынша, 2022 жылдың қарашасында ерлі-зайыпты ресми түрде ажырасып, балалар Мұқанғалиеваның анасының жанында қалған. Кейін Сәрсемалиев қайтадан отбасымен бірге тұруға талпынып, біраз уақыттан соң жалдамалы үйге көшкен.
Айыптау актісінде 2024 жылдың тамыз айында болған оқиғалар да айтылды. Тергеу мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева ауыр отадан кейін ұзақ уақыт комада жатқан. Осы кезде оның ата-анасы күйеу баласын әйелінің жанына жібермей, балаларды алып кетеді деп қауіптенген. Мемлекеттік айыптаушы дәл осы жағдай Сәрсемалиевтің қайын жұртына деген өшпенділігін күшейткенін айтады.
Кейін Ақбаянның денсаулығы нашарлап, оны Түркияға емге апарғанымен, ем нәтижесіз болған. Артынша Сұлтан Сәрсемалиев пен қайнысы Наурыз Мұқанғалиев арасында жанжал туындаған.
Тергеу дерегіне сай, жанжал кезінде Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевке пышақ жарақатын салып, кейін мәйітті үй маңына көмген. Бұдан бөлек, прокурор күдіктінің марқұмның атына 4 миллион теңге несие рәсімдегенін де айтты.
Қазір Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің 13 бірдей бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті істі алқабилердің қарауына беруден бас тартқан.