homepage
pavlodarnews.kz

Павлодарда алюминий зауытындағы оқиғадан екі адам зардап шекті

17.05.2026, 17:49

Павлодардағы алюминий зауытында болған өндірістік оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға пешті тазалау кезінде болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Telegram-арналарда зауыттағы пештердің бірінде жарылыс болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда Павлодар алюминий зауыты бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.

Кәсіпорынның хабарлауынша, 16 мамыр күні сағат 23:10 шамасында №3 пештің кептіру аймағын тазалау кезінде жиналып қалған материалдың бір бөлігі опырылып құлаған. Сол сәтте аумақта диірмен машинисі мен агломерат цехының қызметкері болған.

Зардап шеккендердің жағдайы

Дәрігерлердің мәліметінше, 1984 жылы туған жұмысшы жабық бас-ми жарақатын, оң аяқ сирағы сүйегінің сынуын, сондай-ақ көптеген көгеру мен сырылулар алған. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

Ал 2000 жылы туған екінші жұмысшы жұмсақ тіндердің көгеруі мен терісінде сырылған жарақаттар бар. Тексеруден кейін ол амбулаториялық емге жіберілген.

Тергеу жүріп жатыр

Кәсіпорын өкілдері зауытта апат болмағанын мәлімдеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандар нысанды тексеріп, қауіпті өндірістік объектіде апат белгілерін анықтамаған.

Қазір оқиғаның мән-жайын Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы кейінірек жарияланады.