homepage
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Талапкерлер үшін маңызды мәлімет: қай мамандыққа грант көп бөлінеді

17.05.2026, 14:37

ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкерлер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі – мамандық пен университет таңдау басталады. Осы ретте көпшілікті қай бағыттарда мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі жоғары екені қызықтырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.  

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанда 73,5 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантын иеленген.

Жалпы жоғары оқу орындарына шамамен 209 мың студент қабылданған. Яғни, оқуға түскендердің 35,2%-ы грантпен білім алады.

Қай мамандықтарға грант алу оңайырақ?

Статистика бойынша грант ең көп бөлінген бағыттар:

  • жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 73,9%;
  • ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 64,4%;
  • ұлттық қауіпсіздік және әскери іс – 61,2%.

Яғни, бұл мамандықтарға түскен әрбір екінші, тіпті үшінші талапкер грант иегері атанады.

Ал жекелеген мамандықтар бойынша ең жоғары көрсеткіштер мынадай:

  • физика және химия ғылымдары – 91%;
  • мал шаруашылығы – 90,5%;
  • балық шаруашылығы – 89,3%;
  • агроинженерия – 79,6%;
  • ақпараттық қауіпсіздік – 84%;
  • телекоммуникация – 69,9%.

Инженерлер мен IT мамандарына сұраныс жоғары

Мемлекеттік тапсырыста инженерлік және IT салаларына ерекше басымдық беріліп отыр.

Мәселен:

  • сәулет және құрылыс саласында грант үлесі – 64,5%;
  • инженерлік мамандықтарда – 54,3%;
  • өндірістік және өңдеу салаларында – 53,3%.

Ал грант ең аз бөлінетін бағыттар қатарында құқықтану, бизнес, менеджмент, шет тілдері және логистика бар.

Қай салаға ең көп грант бөлінді?

2025/2026 оқу жылында ең көп грант инженерлік, құрылыс және өңдеу салаларына берілген – 19,6 мың орын.

Одан кейін:

  • педагогикалық ғылымдар – 14,7 мың;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 12,7 мың грант.

Сондай-ақ экология, биология, ұлттық қауіпсіздік салаларында грант саны артқан.

Жеңілдікпен грант алатындар кімдер?

Бүгінде гранттардың үштен бірінен астамы жеңілдік санатындағы талапкерлерге бөлінеді. Биыл квота арқылы 26,2 мың студент оқуға түскен.

Олардың арасында:

  • көпбалалы отбасы балалары – 10,6 мың;
  • толық емес отбасыдан шыққандар – 4,1 мың;
  • ауыл жастары – 5,2 мың;
  • қандастар – 2 мыңға жуық;
  • жетім балалар мен мүгедектігі бар талапкерлер де бар.

Дереккөз: Ranking.kz