homepage
facebook.com/police7su

Алматы облысында полицей қызметтік көлікпен әйелін қағып өлтірді

17.05.2026, 11:39

Алматы облысының Балқаш ауданында аудандық полиция бөлімінің басшы орынбасары қатысқан адам өліміне әкелген жол апаты тергеліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.  

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 16 мамырда таңғы сағат 05:00 шамасында Қонаев – Бақанас тасжолының 84-шақырымында болған.

БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа сәйкес, Балқаш аудандық полиция бөлімінің басшы орынбасары Бауыржан Қабдулданов қызметтік Hyundai Elantra көлігін басқарған. Көлікте онымен бірге жұбайы да болған.

Алдын ала тергеу нұсқасы бойынша, жолда ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Әйел көліктен түспек болғаннан кейін жүргізуші Бақбақты ауылы маңында тоқтап, оны түсіріп кеткен. Біраз уақыттан соң қайта оралу үшін кері бұрылған.

Тергеу дерегінше, әйел сол сәтте жолдың ортасында отырған болуы мүмкін. Жүргізуші оны байқамай қағып кеткені айтылады. Соның салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Оқиға орнына Алматы облысы полиция департаменті қызметкерлері, прокуратура өкілдері және жедел-тергеу тобы барған. Қызметтік көліктің жол парағы негізінде пайдаланылғаны анықталған.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі – көлік құралын пайдалану ережесін бұзу салдарынан адам өліміне әкелу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.