Канадада ел азаматының хантавирусты жұқтырған алғашқы дерегі расталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
The Guardian басылымының жазуынша, 16 мамырда Британ Колумбиясы провинциясында карантинде жатқан төрт канадалықтың бірінен хантавирус анықталған. Олар бұған дейін індет тараған «MV Hondius» круиздік кемесінде болған. Аталған кемеде ауру салдарынан үш адам көз жұмған.
Науқастың екі күн бұрын дене қызуы көтеріліп, басы ауырған. Осыдан кейін ол тексерілу үшін ауруханаға жеткізілген.
Британ Колумбиясының бас санитарлық дәрігері Бонни Генри тест нәтижесі алдын ала «оң» (вирус бар) болып шыққанын мәлімдеді. Қазір сынама нақты растау үшін Виннипегтегі ұлттық зертханаға жіберілген.
Оның айтуынша, науқастың жағдайы тұрақты, белгілері жеңіл және дәрігерлердің бақылауына алынған.
Науқас серіктесі тапсырған тест теріс нәтиже көрсеткенімен, ол да бақылау үшін ауруханада қалдырылған.
Вирус жұқтырған адаммен байланыста болған тағы бір азамат сақтық шарасы үшін ауруханаға жатқызылса, төртінші адам үй жағдайында карантинде отыр.
Айта кетейік, сәуір айының басында Нидерландтың «MV Hondius» лайнері Атлант мұхиты арқылы сапарға шыққан. Кемеде 23 елден келген шамамен 150 адам болған. Сапар барысында бірнеше жолаушыда ауыр респираторлық ауру белгілері байқалған.
Мамыр айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемеде «Андес» штаммынан туындаған хантавирустың таралуы болғанын хабарлады.
10 мамырда лайнер Тенерифе жағалауына тоқтап, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің бір бөлігі жағаға шығарылып, арнайы рейстермен карантинге жіберілген.