Бүгін, 17 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 73 жасқа толды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін де Президент Әкімшілігінен хабарланғандай, Мемлекет басшысы туған күнін сән-салтанатсыз, тек жақындарының арасында атап өтеді.
Президенттің отбасында туған күнді арнайы тойлау дәстүрі болмағаны айтылған. Сондықтан бұл күн Қасым-Жомарт Тоқаев үшін әдеттегі жұмыс күні саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның әкесі – Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері әрі қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі. Анасы Тұрар Шабарбаева Алматы шет тілдері педагогикалық институтында жұмыс істеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек жолында дипломатия саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, сыртқы істер министрі, Премьер-министр, Сенат төрағасы секілді жоғары лауазымдарды иеленді.
Сондай-ақ ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін де атқарған.
2019 жылғы 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде ант қабылдады. Сол жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап жеңіске жетті.
Ал 2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында сайлаушылардың 81,31 пайыз қолдауына ие болып, қайта сайланды. Ұлықтау рәсімі 26 қарашада өтті.