homepage
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда балалы отбасылардың табысы қаншалықты жеткілікті

16.05.2026, 16:27

Қазақстанда отбасы мүшелері көбейген сайын жан басына шаққандағы табыс пен тұтыну шығындары айтарлықтай азая түседі. Мұндай деректерді ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жасалған талдау көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Балалы отбасылардың шығыны неге аз?

Еnergyprom зерттеуіне сәйкес, айына бір адамға 200 мың теңгеден астам қаражат жұмсай алатын отбасылардың үлесі ел бойынша небәрі 9,08%-ды құраған. Бұл ретте:

Жалғыз тұратын азаматтар арасында мұндай көрсеткіш 33%-дан асса, бес және одан да көп адамнан тұратын үлкен отбасыларда ол көрсеткіш небәрі 0,46% болған.

16 жасқа дейінгі баласы бар отбасылар арасында жан басына шаққандағы шығыны 200 мың теңгеден асатындардың үлесі небәрі 2,15%-ды құраған.

Ал төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларда бұл көрсеткіш тіпті 0,11%-ға дейін төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай отбасында бала болуы күнделікті тұтыну мүмкіндігін айтарлықтай шектейтінін көрсетеді.

Көпбалалы отбасылардың жағдайы күрделі

Қазақстандық отбасылардың 11,15%-ы бір адамға айына 50 мың теңгеден аз қаражат жұмсай алады. Ал балалы отбасылар арасында бұл көрсеткіш екі есеге жуық жоғары – 20,49%-ды құрайды.

Әсіресе көпбалалы жанұялардың жағдайы қиын:

  • Төрт және одан көп баласы бар отбасылардың шамамен 46%-ы айына бір адамға 50 мың теңгеден аз қаражат жұмсаған;
  • Оның ішінде 10,9%-ының жан басына шаққандағы шығыны тіпті 35 мың теңгеден де төмен екені анықталды.

Табыс деңгейіндегі үлкен алшақтық

Мәліметтерге сәйкес, айына бір адамға шаққандағы табысы 200 мың теңгеден асатын қазақстандық отбасылардың жалпы үлесі 18,97% болған. Алайда мұнда да отбасы мүшелерінің санына қарай үлкен айырмашылық бар:

  • Жалғыз тұратын азаматтар арасында жоғары табыс көрсеткіші 39,11%-ды құраса;
  • Бес және одан көп адамнан тұратын отбасыларда ол 2,21% ғана болған.

Балалы отбасылар арасында жоғары табысқа ие жанұялар үлесі 6,5%-дан аспайды. Ал төрт және одан көп бала тәрбиелейтіндер арасында бұл көрсеткіш небәрі 0,15%.

Сонымен қатар көпбалалы отбасылардың 23%-дан астамының жан басына шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жуық, яғни 50 мың теңгеден төмен болып отыр.