Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңінде жаңа Қазақстанның ішкі архитектурасы қалай өзгерді? Қоғам мен билік арасындағы жаңа қатынас формасы қандай қағидаттарға негізделді? Журналист Ерболат Мұхамеджан қазақстандық көрерменге «Президент реформалары» атты саяси-аналитикалық деректі фильмді ұсынды. Ол автордың YouTube арнасында жарияланды.
«Президент реформалары» - соңғы жеті жылдағы Қазақстан трансформациясына жан-жақты талдау жасайтын деректі жоба. Автор 2019 жылдан кейін басталған реформалардың ішкі логикасын, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді және «Жаңа Қазақстан» моделінің қалыптасу кезеңдерін сараптамалық тұрғыдан қарастырады.
Фильмде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңіндегі саяси жаңғыру, Конституциялық реформалар, билік тармақтарының тепе-теңдігі, заң үстемдігі, әлеуметтік саясат, экономикалық трансформация, инфрақұрылымдық даму және сыртқы саясат бағыттары қамтылған.
Жобаның негізгі ерекшелігі - өзгерістердің тек сыртқы сипатын емес, олардың артындағы саяси және институционалдық логиканы түсіндіруге ұмтылуы. Автор қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа диалог мәдениетінің, «Еститін мемлекет» қағидатының және қоғамдық сұранысқа жауап беретін басқару моделінің қалай қалыптасқанын көрсетуге талпынады.
Деректі фильм жеті бөлімнен тұрады.
Фильмнің басты ерекшелігі - баға беру немесе саяси насихат жасау емес, соңғы жылдардағы өзгерістерді объективті әрі саяси-аналитикалық тұрғыдан зерделеуге талпыныс жасауы.
«Президент реформалары» - Қазақстанның жаңа саяси кезеңін, мемлекеттік модельдің эволюциясын және қоғам мен билік арасындағы жаңа қатынас формасының қалыптасуын түсінуге арналған маңызды медиажоба.