homepage
Ақорда

Он жылдан соң ашылды: Тоқаев LRT-ның алғашқы жолаушысы болды

16.05.2026, 14:41

Құрылысы басталғанына шамамен 10 жыл өткен соң Астанада LRT ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ақорда хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы қоғамдық көлік қозғалысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталыққа барып, LRT жүйесінің жұмысымен танысты.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жеңіл рельсті көлік жүйесін басқару үшін арнайы диспетчерлік қызмет құрылған.

Қоғамдық көлік қозғалысын бақылаумен 21 маман айналысады.

LRT жүргізушісіз жұмыс істейді

Жоба аясында ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 құрам жүргізушісіз қатынайды. Тағы төрт пойыз резервте болады. Әр құрам 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған.

LRT жүйесінде қозғалысты басқару, жылдамдықты реттеу, тежеу және есіктерді ашу толық автоматтандырылған.

Қауіпсіздік үшін қолмен басқару мүмкіндігі де қарастырылған.

Инфрақұрылым құрамына 18 станция мен заманауи депо кіреді. Бір бағыттың жүру уақыты шамамен 40 минутқа созылады. Пойыздар 5-6 минут сайын қатынап, орташа жылдамдығы сағатына 50-60 шақырым болады.

Президент алғашқы жолаушы болды

Мемлекет басшысына 001 сериялы карта табысталды.

Президент LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүріп өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев LRT-ның іске қосылуын Астана мен ел үшін маңызды оқиға деп атап, елорда болашақта Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін айтты.

LRT-ның екінші кезеңі басталады

Жобаның екінші кезеңі аясында «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы және Қосшы бағыты бойынша жаңа желі салу жоспарланып отыр.

Жаңа бағыттың ұзындығы 26,5 шақырым болады және 20 станцияны қамтиды.

Президент LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания өкілдері мен CTS Transportation және Astana LRT қызметкерлеріне сәттілік тіледі.