Қазақстанның тұрғын үй нарығында баға өсімі жалғасып жатыр. Сәуір айының қорытындысы бойынша, жаңа пәтерлер бір жылда 15,1 пайызға, екінші нарықтағы баспана 11,1 пайызға, ал жалға беру құны 10,9 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алматы мен Астана – ең қымбат қалалар
Economykz_org телеграм-арнасының жазуынша, жаңа тұрғын үй бағасының өсімі бойынша Ақтөбе көш бастап тұр. Мұнда баға бір жылда 23,1 пайызға өскен.
Одан кейінгі орындарда мына қалалар орналасқан:
Дегенмен ең қымбат жаңа пәтерлер әлі де Алматы мен Астанада тіркеліп отыр. Алматыда жаңа үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 733,4 мың теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш – 732 мың теңге.
Екінші нарықтағы (қайта сатылатын) баспана бағасы да айтарлықтай өсті. Бұл сегментте де Алматы бірінші орында тұр – дайын пәтердің бір шаршы метрі 746,9 мың теңгеге жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, тұрғындардың бір бөлігі қымбат жаңа үйлерден гөрі, инфрақұрылымы дайын ескі үйлерді таңдауға көшкен.
Жалға берілетін тұрғын үй бағасы әсіресе өңірлерде қатты қымбаттады. Баға өсімі бойынша Петропавл (+41,9%) мен Павлодар (+39,1%) алда келеді. Сондай-ақ Өскемен, Қызылорда және Ақтау қалаларында да жалдау құны айтарлықтай артқан.
Ең қымбат жалдамалы пәтерлер бұрынғыша қос мегаполисте: Алматыда жалдау ақысы бір шаршы метр үшін 5 824 теңгеге жетсе, Астанада 5 529 теңге болып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жалдау нарығындағы өзгерістер ішкі көші-қонмен тікелей байланысты. Яғни, жұмыс орындары мен табыс көбейген өңірлерде өмір сүру құны да жылдам өсіп жатыр.
Шымкент тұрғын үй бағасы бойынша Алматы мен Астанадан айтарлықтай арзан болып қалып отыр. Үшінші мегаполисте жаңа пәтердің бір шаршы метрі шамамен 535 мың теңге, ал жалдау ақысы – 4 429 теңге.
Мамандар Шымкентті қазіргі таңда теңгерімді сақтап отырған тұрғын үй нарықтарының бірі деп бағалайды.
Себебі мұнда баспана сатып алу құны төменірек әрі жалдау бағасына түсетін қысым да салыстырмалы түрде аз.