homepage
Видеодан кадр / apnews.com

Конгода Эбола вирусынан 65 адам көз жұмды

16.05.2026, 10:23

Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Итури провинциясында Эбола індетінің жаңа ошағы тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Africa CDC ұйымының мәліметінше, аймақта 246 күдікті жағдай анықталып, 65 адам қайтыс болған.

Індеттің негізгі ошағы Монгвалу мен Рвампара аудандарында орналасқан. Сонымен қатар Буниа қаласында да күдікті жағдайлар тексеріліп жатыр. Зертханалық расталған науқастардың төртеуі көз жұмған.

Мамандар қазіргі уақытта індеттің қай штамнан тарағанын анықтап жатыр. Алдын ала зерттеулер 20 сынаманың 13-інен оң нәтиже көрсеткен.

Эбола – өте қауіпті вирустық ауру. Ол жұқтырған адамның биологиялық сұйықтығы немесе вирус жұққан заттар арқылы таралады.

Бұл жолғы індет Конгодағы алдыңғы Эбола толқыны аяқталғаннан кейін бес ай өткен соң қайта тіркеліп отыр. Бұған дейінгі індеттен 43 адам қаза тапқан еді.

Africa CDC ұйымы Конго, Уганда және Оңтүстік Судан билігімен шұғыл кеңес өткізіп, шекаралық бақылауды күшейту және індеттің таралуына қарсы шараларды талқылады.

Итури провинциясы ел астанасы Киншасадан мың шақырымнан астам қашықта орналасқан.

Жолдың нашарлығы, қарулы топтардың белсенділігі және халық көші-қоны дәрігерлер жұмысына кедергі келтіріп, вирустың таралу қаупін арттырып отыр.