homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтардың соғыс болып жатқан елдерге баруына тыйым салынуы мүмкін

16.05.2026, 09:37

Қазақстан билігі әскери қақтығыс жүріп жатқан елдерге азаматтардың сапарын уақытша шектеуге мүмкіндік беретін заңнамалық тетіктер әзірлемек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Таяу Шығыстан 10 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланды

Үкімет мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан 66 эвакуациялық рейс ұйымдастырған. Оның 27-сі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылса, қалған коммерциялық рейстердің билеттерін азаматтар өздері сатып алған.

3-13 наурыз аралығында Қазақстанға 10 275 азамат қайтарылды. Эвакуациялық рейстерді Air Astana, SCAT, FlyDubai және Air Arabia әуе компаниялары орындаған.

Сондай-ақ қақтығыс аймақтарында туристік коды бар шамамен 4 мың ұйымдастырылған турист болған. «Туристік Қамқор» қоры мен туроператорлар олардың 3 мыңға жуығын орналастырып, тамақпен қамтамасыз еткен.

Қақтығыс аймақтарына баруға уақытша шектеу қойылуы мүмкін

Премьер-министрдің сөзінше, эвакуация жүріп жатқан кезде кейбір азаматтар соғыс аймақтарына баруын жалғастырған. Мәселен, осы кезеңде Алматыдан Дубай мен Шарджаға 191 адамның ұшып кеткені тіркелген. Бұл эвакуациялық жұмыстарға қосымша жүктеме түсірген.

Осыған байланысты Үкімет мұндай өңірлерге сапарларды уақытша шектеуге арналған заңнамалық тетіктер әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар билік төтенше жағдайларда ұлттық әуе тасымалдаушыларын жедел жұмылдыру тәртібін жетілдіруді және арнайы әуе кемелерін сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.

Бұдан бөлек, Қазақстанда 2030 жылға дейінгі сақтандыру секторын дамыту бағдарламасы мен «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр.

Құжатта азаматтардың қауіпсіздігін күшейту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейту мәселелері қамтылады.