Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең бай 75 кәсіпкердің қатарында 45 жасқа толмаған сегіз бизнесмен бар. Олардың ең жасы – 35-те, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аграрлық бизнес пен қаржы саласындағы жас кәсіпкерлер
Тізімдегі ең бай жас кәсіпкерлердің бірі – 44 жастағы Ғалымжан Есенов. Оның байлығы 564 миллион доллар деп бағаланған. Ол бұған дейін Alatau City Bank-ке иелік етіп, телеком және агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеген. Қазір кәсіпкер құс шаруашылығы, алма бақтары, шырын өндірісі және мал азығын дайындаумен айналысады. Сонымен қатар жекеменшік мектеп жобаларына да инвестиция салған.
44 жастағы Айжан Есім Forbes рейтингінде 47-орында тұр. Оның дәулеті – 207 миллион доллар. Кәсіпкер байлығының негізгі бөлігі «Қазфосфаттағы» үлесті сатудан түскен. Қазір фитнес индустриясы мен нан өнімдері өндірісіне инвестиция құйып келеді.
Агросектордағы тағы бір кәсіпкер – Алмаз Әлсенов. 44 жастағы бизнесменнің байлығы 204 миллион долларға бағаланған. Оның Harvest Group компаниясы ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарыққа шығарумен және логистикамен айналысады. Сонымен қатар Қызылорда облысында соя, жүгері және техникалық қарасора өсіру жобасын қолға алған.
Білім, құрылыс және мейрамхана бизнесі
42 жастағы Айғазы Құсайынов Forbes рейтингіне алғаш рет енді. Оның байлығы 132 миллион доллар деп көрсетілген. Ол білім беру, құрылыс, тау-кен өндірісі және агросекторда жұмыс істейді. Кәсіпкердің құрылымына ҚазБСҚА, бірнеше мектеп пен халықаралық білім беру жобалары кіреді.
Ал 41 жастағы Нұрәлі Әлиевтің байлығы 280 миллион долларға жеткен. Ол қонақүй бизнесі, мейрамхана жобалары және инвестициялық холдингтер арқылы табыс тауып отыр.
Тағы бір жас кәсіпкер – ресторатор Асқар Байтасов. 41 жастағы бизнесменнің дәулеті 112 миллион долларға бағаланған. Ол Қазақстандағы ірі ABR мейрамханалар желісінің негізін қалаушы.
Ең байы – Турлов, ең жасы – Мүтәліп
Тізімдегі ең бай жас кәсіпкер – Тимур Турлов. 38 жастағы кәсіпкердің байлығы 5,2 миллиард долларды құрайды. Ол Freedom Holding Corp. арқылы банк, сақтандыру, телеком, медиа және онлайн сервистер саласында бизнес жүргізеді.
Ал рейтингтегі ең жас кәсіпкер – 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп. Оның байлығы 482 миллион доллар деп бағаланған. Шахмұрат Мүтәліп құрылыс саласында танылып, кейін инфрақұрылым, логистика және тау-кен өндірісі жобаларына инвестиция сала бастаған. Сонымен қатар ол футбол клубтарын басқару және ірі өнеркәсіптік активтерді сатып алу бағытында жұмыс істеп жатыр.