homepage

Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өмірден озды

Juzmedia. kz
11.01.2025, 15:29

Көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, професор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, І дәрежелі «Барыс» орденінің және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ғалымның өмірден өткені туралы қаралы хабарды журналист Мырзахан Байжанұлы желідегі парақшасында естіртті.

«Қош, абыз ата! Мекемтас Мырзахметұлы ақсақал дүниеден көшіпті…

Суыт хабар жетіп, есеңгіреп отырмыз. Абайтану алыбы, ғалымдардың ғалымы еді жарықтық. Алла алдыңыздан жарылқасын, абыз ата!» - деп жазды Мырзахан Байжанұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Мекемтас Мырзахметұлы бар салиқалы ғұмырын Абай мұрасын зерделеуге, отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға еді. Ұлт руханиятының ілгері басуына сүбелі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінен туған құнды еңбектері лайықты бағаға ие болды. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған Мекемтас Мырзахметұлының аяулы есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Мекемтас Мырзахметұлы - 1930 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майтөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін (1953), оның аспирантурасын (1964) бітірген.

1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор;

1969–75 жылдары ҚазПИ-де доцент, 1975–91 жылдары Қазақстан ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1991–2000 жылдары арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі‚ Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зертттеу орталығының директоры;

2002–2003 жылы Түркітану ғылыми-зертттеу институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан М.Х. Дулат атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және "Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зертттеу орталығының директоры, “Бауыржантану” ғылыми-зертттеу орталығының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарды.

Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитану, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, Абай мұрасының шығыспен байланысы терең зерттеле бастады.

Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Ясауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді.

Мырзахметұлы патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”), қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді.

Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.