homepage
фото: коллаж Juzmedia

Трамп неге тыраштанып кетті?

15.05.2026, 14:57

Трамптың Бейжіңге мемлекеттік сапары... Өй-дөөйт, керемет енді. Араға тоғыз жыл салып Бейжіңге ат байлап, аяқ суытқан мәртебелі қонақтың сапарына ханзулар да бей-жай қарамапты. Оның себебін, жаһандық БАҚ Трамп мінген ұшақтың салмағымен түсіндіріп әлек.

Иә, АҚШ Президенті мінген алып ұшақпен сол елдің аузын айға білеген бай-манаптары түгел келген. Трамп ұшағында отырғандардың қалтасында дәл қазір 20 трлн доллар бар десті, дүние қайран қалып. Бір жағынан соған масаттанған АҚШ Президенті Қытай Төрағасына «Сіз әлемдегі бірегей лидерсіз»,-дегенде, басқа жұрт кірерге жер таппай, көздерімен көр шұқыды... Ал Қытайға шын мәнінде бәрі-бір…

Хош! Трамп Қытайға демократиялық дем салу үшін келген жоқ. Қытайдың да дем салғыза қояйын деп тұрмағаны бесенеден белгілі. Кездесулерде адам құқықтары, либерализм немесе «Американың көшбасшылығы» туралы ләм-мим деп бірде-бір сөздің айтылмауы біраз дүниеден хабар берді. Өйткені, АҚШ-тың адамы құқығы деген әуенінен мән кетіп, әні қожырап әлсіреп қалғанын ханзулар іштей біледі.  Сондықтан да әлемнің екі алыбы әлем алдында сауда, технология және әлемнің тұрақтылығына кім қалай ықпал етеді деген сауалдар төңірегінде тілдесті. Және Трамп сөзінен жаңа әлемге көшудің жаңа тәртібімен келісу үшін келгені сезілді. Яғни, алдағы жақын болашақта ақпараттық қоғамның иесі кім болатыны туралы ауыздарын арандай ашып айтпаса да, еріндерінің жыбырлауынан екі елдің емеуірінің ерекше екені байқалып тұр.

Си Цзиньпиннің «Фукидид тұзағы» туралы айтуы кездейсоқ емес. Ескіше айтқанда - бұл өрлеп келе жатқан державаның биліктен кетіп бара жатқан державамен соғысуы. Бірақ қытайлықтар терең ойлап, ұзаққа шабатын халық. Сондықтан да қазіргідей қырғи қабақ кезеңнен Қытай өз есесін жібрмей, ептеп қана еселеп есебін түгендеп алатыны аян. Жымиып қана, жымысқы ойлайтын Қытайға кез-келген дүрбелең мен дүниең – екі қойым бір сом. Олар уақыт созып, саясат сахнасында қойылымдарды ұзағырақ ойнағанды жақсы көреді. Оларға соғыс керек емес. Оларға Америкадан әлемдік шаруашылықты басқару мандатын үлкен жанжалсыз қабылдап алу қажет. Трамп мұны түсінеді. Сондықтан ілтипат көп. «Сіз ұлы көшбасшысыз», «мен үшін мәртебе», «біз доспыз». Бұл енді әлем қожайынының тілі емес. Бұл - мәміле тілі.

Қытай дәстүрінде иілу - иерархияны мойындау. Трамп мұнда іс жүзінде Американың Қытаймен бұрынғыдай жоғарыдан төмен сөйлесе алмайтынын көрсетіп отыр. Неге? Өйткені индустриалды қоғам аяқталды. Индустриалды қоғамда капитал басты орында болса, ақпараттық қоғамда технология, деректер, сананы басқару және ақпаратты өңдеу жылдамдығы басты орынға шықты.

Қазіргі Қытай - әлемдік фабрика, цифрлық шеңбер және тәртіп. Ал Америка - қаржы, технология және доллар эмиссиясы. Олар жеке-жеке әлемді ұстап тұра алмайды. Сондықтан «қарсылас емес, серіктес» деген формула туындады. Бірақ, қай сәтке дейін серіктесіп, сенімдері сетінемей тұра алар екен? Негізгі сұрақ сонда.

Қытайлықтар мыңжылдықтармен ойлайды және «адамзаттың болашағы» туралы айтады. Американдықтар пайда циклімен ойлайды. Қытайлықтарда - Аспан асты елі, американдықтарда — корпорация деген түсінік түйіншектеліп қалғалы қашан? Сондықтан сырт көзге Трамп сапары біреулердің езуіне күлкі үйірсе, енді біреулердің қабағын түкситкізіп, көңіл күйлерін түсіріп-ақ тастағаны шын еді. Ал ақиқатында бұл сапардың астарында жаңа ғасырдың ойын ережелерін кім жазатыны үшін күрес жүріп жатыр.

Синьхуа агенттігінің сапар алдында жариялаған Трамптың қысқаша өмірбаяны да қызық, тіпті. Қызық демесіңе де амал жоқ. Бір сөзбен айтқан да қытайлықтар Трампты «жылжымайтын мүлік мәмілелерімен айналысқан бакалавр»,-депті. Бұл келеке ме әлде, келешегін ойлаған елдің тыраштанған Трампқа берген шын бағасы ма, ол жағын енді әлем халқы әлі талай сан-саққа жүгіртері сөзсіз…

БЕКӘЛІ ЖӘДІК