homepage
Видеодан кадр

"Өзбек секілді сезіндім": Ресей азаматы он тәулікке қамалды

15.05.2026, 14:12

Алматыда банк картасын ала алмағаны үшін бейәдеп сөздер айтып, видео жариялаған ресейлік бойжеткен 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Желіде тараған видеода бойжеткен банк картасын тез арада аша алмағанына ашуланып, бірнеше күн бойы ЦОН мен банк арасында жүруге мәжбүр болғанын айтады. Видеода ол эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздер қолданады. Алайда, оның “өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім” деген сөзі көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары бұл пікірді басқа ұлт өкілдерін кемсіту әрі өзін өзгелерден жоғары қою ретінде қабылдады.

kozachkow Телеграм-арнасы таратқан хабарламаға сүйенсек, Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады.

«Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізген тексеру барысында шетелдік азаматшаның қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды. Мұндай әрекеттер құқықтық бағасыз қалмайды», – делінген ведомство хабарламасында.

Полицияның мәліметінше, әйелге қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.

Кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Соңғы уақытта Қазақстан банктері шетел азаматтарына карта рәсімдеу кезінде талаптарды күшейткен. Бұл қаржы қауіпсіздігі мен халықаралық санкциялық талаптарды сақтау мақсатында енгізілген.

Кейбір банктер клиенттен Қазақстанда заңды негізде болуын, жеке сәйкестендіру нөмірін және қосымша құжаттарды талап етеді.

Әлеуметтік желіде тараған оқиға қоғамда қызу талқыланып, көпшілік Қазақстан аумағында жүрген әр азамат ел заңын және қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауы тиіс екенін атап өтті.