homepage
PeopleImages.com

Қазақстандықтар кеш үйленетін болды

15.05.2026, 12:11

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында жарияланған зерттеулер қазақстандық отбасылардың дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, жаңа әлеуметтік және экономикалық жағдайларға бейімделіп жатқанын көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттецуінше, отбасы қоғамдағы ең маңызды институттардың бірі болып қалғанымен, неке, бала тәрбиесі, қаржылық жауапкершілік пен тұрмыс салтында айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр.

Отбасы – басты құндылықтардың бірі

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2020-2024 жылдары қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы отбасыны өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі деп бағалаған.

Көпшілік үшін отбасы, ең алдымен, махаббат, бақыт, ұрпақ жалғастыруға және өмірдің мәніне байланысты ұғым.

2024 жылғы сауалнамада респонденттердің басым бөлігі отбасы:

  • бақыт пен махаббатты;
  • ұрпақ жалғастыруды;
  • өмірдің мағынасын білдіретінін айтқан.

Сонымен қатар азаматтардың шамамен 95 пайызы өз отбасылық өміріне қанағаттанатынын жеткізген.

Қазақстандықтар некені қалай қабылдайды?

Сауалнамаға қатысқандардың 58,5 пайызы некені отбасы құруға бағытталған одақ деп есептейді.

Ал үйленудің басты себебі ретінде:

  • махаббат;
  • ортақ көзқарас пен қызығушылық;
  • бала сүю ниеті аталған.

Дегенмен отбасы ішіндегі рөлдерде дәстүрлі көзқарас әлі де басым.

Респонденттердің шамамен 55 пайызы отбасындағы негізгі шешім қабылдаушы ретінде ер адамды атаған. Бірақ соңғы жылдары ерлі-зайыптылардың маңызды мәселелерді бірге шешу тәжірибесі де артып келеді.

Мәселен, 2024 жылы қатысушылардың шамамен 35 пайызы отбасылық шешімдер ортақ қабылданатынын айтқан.

Бала тәрбиесінде қандай құндылықтар маңызды?

Қазақстандықтар бала тәрбиесінде еңбекқорлықты, үлкенді құрметтеуді, адалдық пен жауапкершілікті басты орынға қояды. Сонымен бірге өзін-өзі құрметтеу мен әдептілікке мән беру күшейген.

Отбасылық дәстүрлер де өз маңызын жоғалтпаған. Ең кең тараған дәстүрлер:

  • туған күнді бірге атап өту;
  • мемлекеттік және діни мерекелер;
  • отбасылық дастарқан басындағы кешкі ас.

Қазақ отбасыларының демографиялық бейнесі өзгеріп жатыр

Соңғы жылдары Қазақстанда некеге тұру жасы ұлғайып келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша:

  • ерлер орта есеппен 27,9 жаста;
  • әйелдер 25,3 жаста некеге тұрады.

Сонымен бірге ажырасу саны азайған. Егер 2019 жылы елде 60 мың ажырасу тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45,7 мыңға дейін төмендеген.

Өткен жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келген. Туу көрсеткіші ең жоғары өңірлер қатарында:

  • Түркістан облысы;
  • Шымкент;
  • Маңғыстау облысы аталды.

Ал ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында тіркелген.

Қаржы мәселесі – басты қиындықтардың бірі

Зерттеу қазіргі қазақстандық отбасылардың негізгі мәселелерінің бірі қаржылық қиындық екенін көрсетті.

Мәліметке сәйкес:

  • отбасылардың жартысынан астамында ақша жинауға мүмкіндік жоқ;
  • 50 пайызында несие бар;
  • көптеген азаматтар тауарларды бөліп төлеп алады.

Сарапшылардың айтуынша, ақша мәселесі көптеген отбасында түсініспеушілік пен жанжалға себеп болады. Бұдан бөлек, тәуелділік, құндылықтардың сәйкес келмеуі және туыстардың араласуы да отбасы тұрақтылығына әсер етеді.

Жоспарлы түрде балалы болғысы келетіндер саны артқан

Сауалнамаға қатысқандардың 73,5 пайызы бала туу алдын ала жоспарлануы керек деп есептейді. Бұл қоғамда саналы ата-ана болуға деген көзқарастың күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Алайда жүйелі түрде медициналық тексеруден өтетіндердің үлесі әзірге төмен – шамамен 17 пайыз ғана.

Сарапшылар қазіргі таңда отбасы мәселесі тек дәстүр мен рухани құндылықтарға ғана емес, сонымен қатар:

  • әлеуметтік қолдау;
  • қаржылық тұрақтылық;
  • тұрғын үй;
  • денсаулық сақтау;
  • сапалы қызметтерге қолжетімділікпен де тығыз байланысты екенін айтады.

Мамандардың пікірінше, қазақстандық отбасы өзгеріп жатқанымен, қоғамдағы басты құндылық ретіндегі орнын сақтап отыр.