homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда жұмыс берушілерге жаңа міндеттер жүктеледі

14.05.2026, 16:36

Сенат еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған түзетулерді мақұлдады. Жаңа нормалар қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жұмыс берушілерге қойылатын талаптар

Заңға сәйкес, жұмыс берушілер еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда қызметкерлерді алдын ала жазбаша түрде хабардар етуге міндеттеледі.

Сонымен қатар:

  • Жұмыс орындарының, өндірістік орта мен құрал-жабдықтардың еңбек қауіпсіздігі талаптарына толық сай болуы;
  • Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын тұрақты жүргізу жұмыс берушінің тікелей жауапкершілігіне айналады.

Қызметкерлердің құқығы мен ар-намысын қорғау

Түзетулер аясында Еңбек кодексіне қызметкерлердің жеке өмірін қорғау, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары енгізіледі.

Бұдан бөлек, еңбекке уақытша жарамсыздық (ауыру) немесе әлеуметтік демалыс кезіндегі соңғы жұмыс күнін анықтау тәртібі нақтыланды.

Бұл құжаттамалық түсініспеушіліктерді жоюға мүмкіндік береді.

Скринингтен өту үшін арнайы уақыт беріледі

Жаңа норма бойынша жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтік тексерулерден өту үшін жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, арнайы уақыт бөлуге міндетті.

Мұндай мүмкіндікті ұсынбаған жұмыс берушілер заң алдында жауапкершілікке тартылады.

Медициналық ұйымдар цифрлық технологиялар арқылы қызметкерлердің тексеруден өту қажеттігі туралы жұмыс берушіге хабарлама жолдап отырады.

Әлеуметтік әріптестік және есептілік

Заң жобасы өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті күшейтуді көздейді.

Енді тараптардың өзара іс-қимылы мен жасалған келісімдердің орындалуы жөніндегі есептерді тұрақты тыңдау міндеті енгізілмек.

Еңбек инспекторларының біліктілігі мен мәртебесі

Мемлекеттік еңбек инспекторларына қойылатын талап та артты. Олар еңбек қауіпсіздігі саласы бойынша біліктілігін тұрақты түрде көтеріп отыруы тиіс.

Сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының құқығы мен олардың жұмысына ақы төлеу тәртібі алғаш рет нақты регламенттелді.