Астанада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Тәуелсіздік сарайында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев түрік көшбасшысын өзі қарсы алды. Құрмет белгісі ретінде Қазақстанның әскери ұшақтары аспанда Түркия туының түстерін бейнеледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Бұл – тарихи сапар»
Шағын құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Ердоғанның сапарын тарихи оқиға деп атап, оның қазақ-түрік ынтымақтастығына жаңа серпін беретінін айтты. Тоқаев екі ел арасында ешқандай түйткіл жоқ екенін, қарым-қатынас достық, бауырластық және мәңгілік серіктестікке негізделгенін жеткізді.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған қазақ елінің ерекше құрмет көрсеткеніне алғыс айтып, бұл сапар бауырлас халықтардың байланысын одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.
"Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін", – деді Түркия президенті.
Сауда айналымы 5,4 млрд долларға жетті
Қазақстан мен Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысында тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесін талқылады.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 млрд доллардан асты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға 34 түрлі тауар бойынша экспорт көлемін 630 млн долларға дейін ұлғайта алады.
Режеп Тайип Ердоған екі ел сауда көлемін болашақта 15 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.
Агросала, логистика және инвестиция
Кездесуде ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және инвестициялық жобаларға ерекше назар аударылды. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 360 млн долларға жуықтаған.
Тоқаев түрік компанияларын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі аясындағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар Алматы әуежайын Орталық Азиядағы ірі логистикалық хабқа айналдыру бастамасына қолдау білдірілді.
Жиында энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, тау-кен және қорғаныс өнеркәсібіндегі серіктестікті кеңейту мәселелері де қаралды.
Білім, медицина және туризм саласындағы байланыс нығайып келеді
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамып жатыр.
2023 жылғы жер сілкінісінен кейін Газиантепте Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылған. Сондай-ақ Астана мен Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу туралы келісім жасалды.
Қазір 14 мыңға жуық қазақстандық Түркияда білім алып жүр. Ал Қазақстанда 260-қа жуық түрік студенті оқиды. Шымкентте Гази университетінің филиалы ашылды.
Денсаулық сақтау саласында да бірлескен жобалар жүзеге асуда. Түркияның фармацевтикалық компаниялары Қазақстанда өндіріс ашып, Түркістан мен Петропавлда көпбейінді ауруханалар салынып жатыр.
Ердоған «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапатталды
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Қазақстанның жаңа мемлекеттік наградасы – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Түркия президенті аталған орденнің алғашқы иегері атанды.
– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал, Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Ердоғанның түркі әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Түркия президенті Түркі мемлекеттері ұйымының дамуына және түркі интеграциясына зор еңбек сіңіріп келеді.
Режеп Тайип Ердоған бұл марапатты түрік халқына көрсетілген ерекше құрмет ретінде қабылдайтынын айтып, қазақ-түрік бауырластығы мәңгі болсын деген тілегін жеткізді.