homepage
фото: Almaty Museum of Arts

Almaty Museum of Arts алғашқы «Музей түніне» шақырады

14.05.2026, 15:30

16 мамыр күні Almaty Museum of Arts алғаш рет «Музей түнін» өткізеді. Кеш аясында музей кеңістігі дәрістер, арт-белсенділіктер, музыкалық перформанстар мен видео-арт көрсетілімдерін біріктіретін ашық диалог алаңына айналмақ.

Шара кешкі 18:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, музейге кіру және барлық іс-шараларға қатысу тегін.

Бағдарлама аясында келушілерге бірнеше шығармашылық белсенділік ұсынылады. 18:00–21:00 аралығында Nobai сурет салу клубы «Ұлы Дала» залында суретші Алмагүл Меңлібаева туындыларынан шабыт алып, түрлі техникада нобай салу сессиясын өткізеді. Сонымен қатар Aşyq Şeberhana шеберлік сағатында қатысушылар қағаздан тоқу өнерімен танысып, өз кенептерін жасап көреді.

18:30–19:30 аралығында «Видео-артты қалай тамашалау керек?» атты дәріс өтеді. Кездесуде қазіргі визуалды мәдениет, смартфондағы қысқа видеолар мен музейдегі видео-арт туындыларының айырмашылығы сөз болады.

Кештің музыкалық бөлігінде мультиаспапшы әрі композитор Герман Попов өнер көрсетеді. Оның шығыс мотивтері мен эксперименттік дыбыстарға негізделген перформансы 19:30-дан 23:00-ге дейін жалғасады. Бағдарламада винил табақшаларындағы тректер мен Алмагүл Меңлібаева қатысуымен жазылған композициялар орындалады.

Сондай-ақ, 21:00–22:00 аралығында Орталық Азия видео-артының арнайы көрсетілімі ұйымдастырылады. Көрермендер өңірдегі заманауи суретшілердің жұмыстарын тамашалап, видео-арт жанрының даму ерекшеліктерімен таныса алады.

Ұйымдастырушылар алматылықтар мен қала қонақтарын мәдени кешке қатысуға шақырады.