homepage
Видеодан кадр

Кассациялық сот Бақытжан Байжановтың жазасын өзгеріссіз қалдырды

14.05.2026, 12:24

Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты қылмысты жасыру ісі бойынша сотталған болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сот алқасы қорғаушы тараптың кассациялық шағымдарын қарап, төменгі сатыдағы соттардың шешімін өзгертуге ешкелі негіз жоқ деген қорытындыға келді. Осылайша, бірінші сатыдағы және апелляциялық сот үкімдері күшінде қалды.

Кассациялық сот судьясы Ерлік Серәлиннің мәлімдеуінше, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімі мен 2024 жылғы 26 маусымдағы апелляциялық сот қаулысы заңды деп танылды.

Байжановқа қандай айып тағылған еді?

Бақытжан Байжанов ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы («Қылмысты жасыру») бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Іс материалдарына сәйкес, ол:

  • ресторанды жабуды және қызметкерлерді таратуды ұйымдастырған;
  • оқиға орнына мемлекеттік орган өкілдерінің кіруіне кедергі келтірген;
  • бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өшіруге бұйрық берген;
  • бейнебақылау жүйесін уақытша сөндіру шараларын жасаған;
  • тергеуді шатастыруға бағытталған әрекеттерге қатысқан.

Адвокаттар Байжановтың жазасын жеңілдетуді сұрап, оның бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін және оң мінездемелерін алға тартты.

Алайда жәбірленуші тарап (Салтанат Нүкенованың жақындары) пен мемлекеттік айыптаушы (прокурор) бұл өтінішке үзілді-кесілді қарсы болды.

Істің мән-жайы

 

Бақытжан Байжанов – бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы әрі ол басқарған «Гастро-орталықтың» директоры болған.

Ол Салтанат Нүкенованың өліміне тікелей қатысы болмаса да, ауыр қылмысты әдейі жасырды деп айыпталды.

2024 жылдың мамырында сот оны кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған. Кейін апелляциялық сот та бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. 2025 жылы амнистия аясында оның жазасының бір бөлігі қысқартылған болатын.

Осылайша, кассациялық сот алдыңғы инстанциялардың шешімін қолдап, Бақытжан Байжановтың жазасын жеңілдету немесе жою туралы өтініштерді қанағаттандырмады.