homepage
lada.kz

Ақтауда полиция көлігі 1,5 жастағы баланы қағып өлтірді

14.05.2026, 11:29

Ақтауда қызметтік автокөлік тізгіндеген полицей аулада 1,5 жастағы баланы қағып кетіп, бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Lada.kz жазуынша, қайғылы оқиға 13 мамырда Ақтау қаласының 27-шағынауданында болған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік көлікті құқық қорғау органы қызметкері басқарған.

Белгілі болғандай, тұрғын үй маңындағы жолда жүргізуші кішкентай баланы қағып кеткен. Алған ауыр жарақатынан сәби сол жерде қаза тапқан.

“Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген ПД хабарламасында.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті қаза тапқан баланың отбасына қайғырып көңіл айтып, бұл істі департамент басшылығы ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.

Ресми емес дереккөздің хабарлауынша, жүргізуші алкогольдік және есірткілік тексеруден өткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, оның бойынан мас күй немесе психотроптық заттарды қолдану белгілері анықталмаған.

Полиция департаменті тергеу нәтижесі бойынша заң аясында қатаң шаралар қабылданатынын жеткізді.