homepage
Ақорда

Қазақстанда ғылым, мәдениет және қайырымдылық үшін жаңа ордендер беріледі

14.05.2026, 10:46

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң мақұлданды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа түзетулер мемлекеттік наградалар жүйесін қазіргі қоғамдық сұраныстарға және ұлттық құндылықтарға сәйкестендіруді көздейді. 

Жаңа ордендермен кімдер марапатталады?

Заң аясында наградалар тізбесі жаңа ордендермен толықтырылады. Атап айтқанда, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yassaui» және «Мейірім» ордендерін енгізу көзделіп отыр.

«Al-Farabi» ордені ғылым, білім, мәдениет және рухани салада ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.

«Qoja Ahmet Yassaui» ордені мемлекет пен қоғам дамуына, сондай-ақ ғылым, мәдениет, гуманитарлық салаларға зор еңбек сіңірген отандық және шетелдік тұлғаларды марапаттауға арналған.

Ал «Мейірім» ордені қайырымдылық және әлеуметтік жауапкершілік саласында ерекше үлес қосқан азаматтарға табысталады.

Еңбекті дер кезінде бағалауға мән берілмек

Сонымен қатар заңда ерекше жағдайларда наградаларды белгіленген мерзімдерді күтпей-ақ беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мемлекеттік марапаттау жүйесін икемдірек етіп, ерекше еңбекті уақытында бағалауға жол ашады.

Заң жобасы мемлекеттік органдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген.

Жалпы өзгерістер мемлекеттік наградалардың мазмұнын күшейтіп, қоғамдағы ғылым, білім, руханият пен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын айқындай түспек.