Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде жасап отырған. Алайда іс жүзінде олар азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша ешқандай міндеттемені орындамаған.
Ведомствоның мәліметінше, жалған құжаттар арқылы серіктес компаниялар корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуден заңсыз жалтарған.
“Тергеу барысында бұл схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқаны анықталған. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен”, – делінген ҚМА хабарламасында.
ҚМА дерегінше, заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың жалпы көлемі 356 млн теңгеге жеткен. Ал мемлекетке келтірілген шығын, яғни төленбеген салық көлемі 91 млн теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі 3 пәтер мен бір автокөлікке тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.