Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалу рәсімін онлайн форматта өткізуге арналған арнайы платформаны іске қосты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Енді қазақстандықтар құрбандық шалуды qurban.muftyat.kz сайты арқылы қашықтан рәсімдей алады.
Биыл құрбан шалу офлайн және онлайн түрде ұйымдастырылады. Бұл әсіресе ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолайлы болмақ.
Сайт арқылы пайдаланушылар құрбандыққа шалынатын малды таңдап, төлемді Kaspi QR көмегімен аудара алады.
Платформада қой мен ешкіні жеке адам шала алады. Ал ірі қара мен түйені бір адам немесе жеті адам бірігіп шалуға мүмкіндік бар.
Тапсырыс рәсімделгеннен кейін қолданушының телефонына SMS-хабарлама жіберіледі. Құрбандық шалынған соң фото және бейнеесеп тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жолданады.
Сайттағы мәліметке сәйкес, қойдың бағасы – 125 мың теңге, ал сиырдың құны – 875 мың теңге шамасында.
Айта кетейік, биыл Құрбан айттың алғашқы күні 27 мамырға сәйкес келіп отыр.