Бір жылда 5 миллиард доллар табыс тапқан «Қазцинк» компаниясында тағы да қаралы оқиға. Бір күнде екі бірдей қызметкер ажал құшып, артынша үшінші маманның қазасы расталды. «Қазцинктегі» жарылыс апат па, әлде жүйелік немқұрайлылық па?Бүгін біз Швейцариялық алпауыттың Қазақстаннан неге «қашып» бара жатқанын және миллиардтар мен адам өмірі таразыға түскен сәттің астарын ашып айтамыз.
Технологиялық апат па, әлде немқұрайлылық па?
«Қазцинктің» ресми мәлімдемесіне сүйенсек, 5 мамыр күні таңғы уақытта Өскемен металлургия кешенінде технологиялық апат болды. Түтінсорғыш құрылғыны жоспарлы тазалау кезінде кенеттен жойқын жарылыс болып, арты өртке ұласқан. Соққының күшті болғаны соншалық, ғимараттың бір бөлігі опырылып, үйіндіге айналды.
Салдары ауыр: екі маман оқиға орнында көз жұмды, кейін ауруханаға жеткізілген үшінші қызметкердің де өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Тағы бес жұмысшы ауыр жарақат алды. Ең сорақысы, марқұмдардың туыстары бұл суық хабарды кәсіпорын өкілдерінен емес, елден естіген.
Бейресми деректер көз жұмған екі қызметкердің есімін анықтады: олар өз ісінің білгірлері Ержан Қамалиев пен Олжас Рамазанов. Ержанның артында үш перзенті мен жары, Олжастың соңында екі кішкентай қызы мен жұбайы қалды. Бес бірдей бала «әке» деген асқар тауынан бір сәтте айырылды. Үшінші көз жұмған азаматтың аты-жөні туралы ашып айтылмады. Компания марқұмдардың отбасына көмек көрсетуге уәде бергенімен, ортасына түскен шаңырақты қай ақша өтей алсын?
«Созылмалы» трагедия
«Қазцинктің» әрбір қадамы халықаралық деңгейде бақылауда, себебі оның негізгі акционері – швейцариялық Glencore алпауыты. Инвестордың жылдық есептерін, нақтырақ айтсақ, тұрақты даму құжаттарын ақтарып шықсақ, мынадай деректерге тап боламыз:
2016–2019 жылдар аралығында Glencore-ның өз есебі бойынша кәсіпорында 9 адам қаза тапқан.
2007–2010 жылдар аралығында Риддер мен Өскемендегі кеніштерде болған ірі апаттар нәтижесінде 13 адамның өлімі ресми тіркеліп, БАҚ-та жарияланды.
Бұған биылғы 5 мамырдағы жарылыс кезінде мерт болған азаматтарды қосыңыз. Осылайша, тек ашық дереккөздер мен компанияның жеке есептерінен біз 25 нақты қайғылы жағдайды көріп отырмыз. Бұл «АрселорМитталдағыдай» бір мезетте болған жаппай қырғын емес. Жыл сайын қайталанатын «үнсіз статистика». Қоғамдық резонанстың төмен болуы да сондықтан. Бірақ деректер көрсеткендей, кәсіпорынның рекордтық табысы артқан сайын, қаралы тізім де үнсіз толығып келеді.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
«Басты нұсқалар ретінде технологиялық процестің бұзылуы мен адами фактор, соның ішінде еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы қарастырылуда. Комиссияның шешімі мен кешенді сот сараптамасының нәтижесі тергеу амалдарының алдағы бағытын белгілейді және кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешуге мүмкіндік береді».
Мемлекет ішіндегі мемлекет пе?
«Қазцинк» жай ғана зауыт емес, мемлекет ішіндегі мемлекет іспетті. Бәрі 1997 жылы Шығыс Қазақстанның үш индустриялық алпауыты (Өскемен қорғасын-мырыш, Лениногор және Зырян комбинаттары) бір холдингке біріктірілгенде басталды. Бұл үлкен жекешелендірудің басы еді.
Көп ұзамай сахнаға швейцариялық трансұлттық трейдер – Glencore International шықты. Олар бақылауды кезең-кезеңімен қолға алды. Бұл жерде белгілі бизнесмен Болат Өтемұратовтың «Верный Капитал» тобы да маңызды рөл атқарды. 2000-жылдардың ортасында компанияның ірі акционері болған Өтемұратов кейіннен өз үлесін Glencore-ға сатып, бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі жеке мәмілелердің біріне айналды.
Экологиялық қасірет: 291 мың теңгелік айыппұл
Қалтасы қалың алпауыттар ақпарат өкілдерін, тұтас телеарналар мен блогерлерді сатып алып, өздерін «елдің мұңын мұңдаған жанашыр» ретінде көрсетуге тырысады. Алайда экрандағы мақтау мен шын өмірдегі ахуал – екі бөлек әлем.
«Қазцинк» қарамағында мырыш, қорғасын, мыс, бағалы металдар және күкірт қышқылын шығаратын 5 бірдей зауыт шоғырланған. Соңғы айларда Өскеменде ауаға тараған күкірт диоксиді, көмірқышқыл газы мен азот оксидінің мөлшері нормадан бірнеше есе асып кеткені үшін компанияға 20 миллион теңге айыппұл салынды. Ақпан айында ауыр металдардың артық мөлшері үшін тағы 100 миллион теңгеден астам айыппұл кесілді.
Алайда бұл цифрлар табиғатқа келген залалмен салыстырғанда түк емес. Мысалы 2021 жылы Бұқтырма өзенін улады деп айыпталды (марганец 140 есе, мырыш 44 есе артық болды). Салынған айыппұл — небәрі 291 мың теңге. 2023 жылы Риддер маңындағы Филипповка өзені зауыт қалдықтарынан кейін «сүттей» ағарып, елді шошытты. Миллиардтаған табыс тауып, тиын-тебенмен айыппұл төлеп отырған бұл жүйеге сарапшылар не дейді?
Расул Рысмамбетов, қаржылық сарапшы:
«Шығыс Қазақстан облысындағы экологияны ең көп ластаушылардың бірі – «Қазцинк» шығар. Мемлекет ұзақ уақыт бойы бұған көз жұмып келді. Шығыстағы зауыттарға Батыстағы мұнай компанияларына сияқты қомақты айыппұлдардың салынғанын көрмедік. Инвесторлардан экологияны жақсарту бағытында түбегейлі қадамдар жасауды талап ету қажет».
Табыс пен тозығы жеткен инфрақұрылым
«Қазцинк» - Қазақстанның ең ірі 10 салық төлеушісінің бірі. Компанияның қаржылық көрсеткіштері таңғалдырады:
2024 жыл: Түсім - 4,1 млрд доллар, таза пайда - 462 млн доллар (210 млрд теңге).
2025 жыл: Түсім бірден 5,1 млрд долларға жетті. Тек бір жылда 24%-дық өсім.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 363,3 млрд теңге аударған.
Осы ертегідей табыстың көлеңкесінде мүлдем басқа шындық бар: компанияның өндіріс орындары мен пештері әлі күнге дейін өткен ғасырдың 1970-80 жылдарынан қалған. Соңғы болған жойқын жарылыс та осы әбден ескірген, «соңғы сөлі сығылған» инфрақұрылымның салдары деген болжам басым. Миллиардтаған табыс, озық технология және ең ірі салық төлеуші мәртебесі. Бірақ осының бәрі неге Өскеменнің ауасын тазартуға және жұмысшылардың өмірін сақтауға келгенде дәрменсіз болып қалады? «Күлшелі бала – сүйкімді» дегендей, әлде қазынаға қаражат құйғандар Қазақстанның заңына бағынбау керек деген жазылмаған ереже бар ма?
Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:
«Экологиялық департаменттің техникасы нашар, анықтай алмайды. Мемлекеттік мекеменің материалдық жағдайы мәз емес, инспекторлардың жалақысы төмен. Миллиардтаған қаржы табатын компания білікті мамандарды өзіне тартып алады, ал мемлекеттік жұмысқа тек оқу бітіргендер барады. Тәжірибесі жоқ маман мемлекет позициясын қалай қорғайды?»
Ауыс-түйіс: Glencore неге «қашып» барады?
Отыз жылға жуық Шығыстың байлығын игерген Glencore активтерін сатып, Қазақстаннан кетпекші. Мәміленің болжамды құны – 5 миллиард доллар. Бұл империяны сатып алуға «жаңа толқын» бизнесмені, 36 жастағы Шахмұрат Мүтәліп ниетті. Ол АХҚО-да KazZinc Group Ltd деген компанияны тіркеп үлгерді.
Шахмұрат Мүтәліп – Малайзияда білім алған, карьерасын слесарь болып бастаған кәсіпкер. Кейін Integra Construction компаниясының қожайынына айналып, жуырда ERG-дің 40 пайыз акциясын сатып алып, жұртты таңғалдырған еді.
Басты сұрақ: 30-дан асқан бизнесменде 5 миллиард доллар қайдан жүр? Бұл оның өз капиталы ма, әлде сырттағы стратегиялық серіктестердің ақшасы ма? Тағы бір маңызды мәселе – «экологиялық жүк». Glencore зауыттар әбден ескіріп, экологиялық талаптар күшейгенде, бар пайданы сығып алып, проблемасы шаш етектен активті қазақстандық бизнесменге өткізе салғысы келетіндей көрінеді.
Расул Рысмамбетов, қаржылық сарапшы:
«Меніңше, кәсіпорынды шұғыл сатып алудың еш қажеті жоқ. Алдымен экология мәселесін ретке келтіру керек. Шахмұрат Мүтәліптің әзірге сатып алуға қаражаты жетпейді деп ойлаймын. Инвесторлар жауапкершіліктен құтылып, жайына кете береді де, қазақстандық кәсіпкерлер экологияны өздері түзеуі керек болады».
Сонымен, «Қазцинк» империясының шындығы мынадай: бір жағында 5 миллиард доллар түсім мен «жылтырақ» есептер, екінші жағында 50 жылдан бері жаңармаған тозған темірлер мен «үнсіз статистикаға» айналған адам өлімі. Егер миллиардтаған доллар табыс тапқан компания жұмысшыларына қауіпсіз еңбек жағдайын жасай алмаса, ондай табыстың кімге керегі бар? Мемлекет «ірі салық төлеуші» деп алпауыттардың алдында жалтақтай бергенше, заңның қатаңдығын іс жүзінде көрсетуі тиіс. Әйтпесе, азаматтарымыздың өмірі инвестордың қалтасындағы тиын-тебен айыппұлдан да арзан болып қала бермек.
Glencore «экологиялық жүгін» жас бизнесменге қалдырып, жауапкершіліктен оңай құтылып кете ме? Жаңа инвестор 50 жылдық ескі зауыттарды модернизациялай ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын уақыт көрсетеді. Біз бұл тақырыпты бақылауда ұстаймыз.
Айбек ҚОСАН