Қызылордада медициналық колледждің 1 курс студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға жатақханада болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 16 жастағы студентті жоғары курс студенттері соққыға жыққан.
Марқұмның туыстарының айтуынша, түнде бірнеше студент бірінші курс студенттерін оятып, жатақхананың жаттығу залына алып кеткен. Сол жерде жасөспірімге күш көрсетілген деген күдік бар.
Жақындарының сөзінше, оқиғадан кейін жедел жәрдем шақырылмаған. Кейін студенттің денесін қайтадан бөлмесіне апармақ болғаны айтылды.
Марқұмның әпкесі жасөспірімнің денесін қан-жоса күйде дәлізбен сүйреп апарғанын мәлімдеді.
Ал әкесі төменгі курс студенттерін жатақханадағы спортзалға жиі алып барып, қорлық көрсетілгенін айтты.
Отбасы тек күдіктілерді ғана емес, студенттердің қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлерді де жауапқа тартуды талап етті.
ІІМ қандай пікір білдірді?
Оқиғаға қатысты Санжар Әділов пікір білдірді.
Оның айтуынша, Қызылорда облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Күдікті қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді вице-министр.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Ведомство өкілдері қылмыстық істің тергелуі ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.