homepage
polisia.kz

Нұрғали Нұғманның зорлық көргені туралы мәлімдемесі - ІІМ пікір білдірді

13.05.2026, 15:42

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бала күнінде зорлық-зомбылық көргені туралы видео жариялаған Нұрғали Нұғманның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Вице-министрдің сөзінше, аталған бейнежазбаға байланысты полиция жедел әрекет еткен.

Қазір іс бойынша тиісті тергеу амалдары басталып, барлық айғақ пен дерек тексеріліп жатыр.

«Кеше БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты шұғыл әрекет жасадық. Алматы қаласы полиция департаменті түсініктеме берді. Тергеу барысында құқықтық-процессуалдық баға беріледі. Тиісті жұмыстар басталып та кетті. Қазіргі кезде мәлімдеуші Қазақстан аумағынан тыс жерде — Қытайда жүр. Ол елге оралғаннан кейін барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіледі», – деді Санжар Әділов.

Еске салайық, актердің ашық мәлімдемесі Instagram парақшасында жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кейін жазба өшірілгенімен, видео әлеуметтік желілер мен пабликтерде тарап кетті.

Бейнеүндеуде актер бала кезінде туыстарының бірі тележобалар мен фильмдерге продюсерлік еткенін және оған рөл алуға көмектескенін айтқан. Оның айтуынша, зорлық оқиғасы түсірілім күндерінің бірінде, әлгі азаматтың жұмыс кабинетінде болған.

Алматы қалалық полиция департаменті жарияланған видеоүндеуге байланысты "кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін" деген дерек бойынша материал тіркелгенін хабарлады.