homepage
Видеодан кадр

Ұстазын соққыға жыққан: оқушының үстінен қылмыстық іс қозғалды

13.05.2026, 14:23

Алматы облысында 11-сынып оқушысы мектеп мұғаліміне қол көтеріп, оны соққыға жыққан. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Жағдай Жібек жолы ауылындағы Жаңа қазақ орта мектебінде болған.

Мәліметке сәйкес, қоңырау кезінде дүкенге шықпақ болған оқушыны мұғалім жібермеген. Осыдан кейін бозбала ұстазына жұдырық ала жүгірген. Оқиғадан кейін 27 жастағы тарих пәнінің мұғалімі ауруханаға жеткізілген. Мектеп директоры Гүлмира Қайнарбаеваның айтуынша, ұстаздың беті мен басынан жарақат алған.

"103 шақыртылып, мұғалім аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал оқушыға қатысты 102 шақыртылып, ата-анасының қатысуымен түсініктеме алынды. Тергеу жүріп жатқандықтан, оқушы басқа мектепке ауыса алмайды және осы мектепте оқуын аяқтайды", – деді директор.

Оқушыға қатысты қылмыстық кодекстің 107-бабы – денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ернар Сәйділдиннің айтуынша, бес айға созылған тергеу жақын арада аяқталып, іс сотқа жолданады.

"Іс сотта қаралғаннан кейін материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберіліп, оқушыны профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады. Сонымен қатар ата-анасының әрекетіне де құқықтық баға беріледі", – деді ол.

Оқиғадан кейін мектепке тексеріс жүргізіліп, директор тәртіптік жазаға тартылған. Ал мектеп әкімшілігі әлеуметтік желілерде тараған мұғалімдердің ақша жинағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.