Қазақстанда аллергиялық аурулар күрт өскен әрі жылдам “жасарып” келеді. Әсіресе бір жасқа дейінгі балалар арасында алаңдатарлық динамика байқалады. ОЛИМП КДЗ-ның 2020–2025 жылдардағы зертханалық зерттеулерін талдау деректеріне сәйкес, осы жас тобында аллергендерге оң нәтижелі тесттер саны 14,5 есеге, яғни 2-ден 29 жағдайға дейін артқан.
«Біз адамдардың медициналық көмекке жиі жүгіне бастағанын ғана емес, анықталған сенсибилизация жиілігінің нақты өскенін байқап отырмыз. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында ауруға шалдығу жағдайларының көбеюі және ауыр реакциялар үлесінің артуы алаңдатады», - деп атап өтті «КДЛ ОЛИМП» бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Жалпы ел бойынша жағдай алаңдатарлық. Аллергендерге жасалған оң тесттердің саны екі еседен астамға – 7 125-тен 14 889-ға дейін ұлғайды. Зерттеулердің жалпы саны үш есеге жуық өсіп, 33 мыңға жетті. Бұл зертханалық расталған аллергиясы бар пациенттер санының бес жыл ішінде 2 еседен астамға артқанын білдіреді.
Өсім барлық дерлік жас топтарында тіркеліп отыр, алайда ең айқын динамика жасөспірімдерде (2,8 есе) және жастарда байқалады. Сонымен қатар 7–14 жас аралығындағы балалар арасында өткен жылы 5 414 жағдай тіркелген, бұл расталған барлық аллергия жағдайының 36,4%-ын құрайды.
Барлық оң нәтижелі тесттің 58%-ы ерлерге, 42%-ы әйелдерге тиесілі. Ерлер арасында өсім әлі де жоғары. Талдау көрсеткендей, еліміздегі негізгі аллергендер – арамшөп. Барлық оң нәтижелі тесттің 61%-ы солардың үлесінде. Шалғынды шөптерге - 22%, ағаштарға – 18% тиесілі.
Нақты аллергендер арасында ең айтарлықтай өсімді мыналар көрсетті:
• қайың – 3,7 есе (1 792 жағдайға дейін);
• шалғындық тимофеевка – 3 есе;
• амброзия – 2,5 есе.
Ең көп таралғаны – жусан: 2025 жылы 15 мыңға жуық оң нәтижелі тест.
Бұдан бөлек, статистикада бұрын тіркелмеген жаңа маңызды аллергендер пайда болды: сораң (362 жағдай), күнбағыс (199), қандыағаш, жөке және аюбадам.
Қызылорда облысында оң нәтижелі тесттер саны бірден 43 есеге артқан. Сондай-ақ Петропавл мен Тараз қалаларында да айтарлықтай өсім байқалады. Астана, Павлодар, Қостанай қалалары да көш басында тұр. Жекелеген өңірлерде (Қарағанды, Ақтау) көрсеткіштердің төмендегені байқалады.
«Бүгінде біз денсаулық сақтау жүйесі жедел бейімделуі тиіс жаңа эпидемиологиялық ахуалға тап болдық. Ең алдымен, аллергияны ерте диагностикалауды, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар арасында күшейту қажет. Жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, өңірлік бағдарламаларды қайта қарау, сондай-ақ бұрын ескерілмеген жаңа аллергендерді қосу арқылы тестілеу панельдерін кеңейту де аса маңызды. Сенсибилизацияның өсуіне ықпал ететін климаттық және экологиялық факторларды талдау ерекше назар аударуды талап етеді. Аллергия жағдайларының саны артып, аллергендер спектрінің кеңейіп келе жатқанын көріп отырмыз, – деп атап өтті Ерлан Сүлейменов.