Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу мәселесі қайта көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, нарықтағы бақылаудың әлсіздігінен өзін риелтормын деп таныстыратын алаяқтар көбейген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан риелторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір риелторларды міндетті түрде кәсіби ұйымдарға тіркеуді және мамандардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құруды көздейтін заң жобасы талқыланып жатыр.
«Кез келген адам өзін риелтормын деп таныстыра алады»
Сарапшының айтуынша, елде «риелтор» мамандығы ресми түрде бекітілмеген. Міндетті емтихан, біліктілік талаптары мен тіркеу жүйесі де жоқ.
Сол себепті кез келген адам хабарландыру жариялап, өзін риелтормын деп көрсете алады.
«Негізгі бастаманың бірі — мемлекеттік риелторлар тізілімін құру болды. Сонда кез келген адам маманның ресми түрде жұмыс істейтінін, кәсіби ұйымға мүшелігі мен қызмет көрсету құқығын тексере алар еді. Әзірге мұндай механизм жоқ, сондықтан нарық бақылаусыз кетті», — деді сарапшы
Маманның пікірінше, бірыңғай реестр енгізілсе, азаматтар риелтордың ресми тіркелгенін, кәсіби ұйымға мүше екенін және қызмет көрсету құқығы бар-жоғын тексере алады.
Халыққа қандай кеңес берілді?
Нина Лукьяненко риелторларға қатысты даулардың бір бөлігі клиенттердің келісімшартты толық оқымауынан туындайтынын айтты.
«Көп жағдайда адамдар келісімшартқа қол қояды да, оның шартын оқымайды. Мысалы, құжатта клиент пәтерді өз бетінше сататын болса, алдын ала риелторды хабардар етіп, келісімді бұзуы тиіс екені көрсетілуі мүмкін. Бірақ адам мұны орындамайды да, кейін сот талаптары мен комиссия төлеу туралы дауға тап болады», — деді ол.
Ол риелторлық қызмет қымбат әрі заңдық жауапкершілігі бар сала болғандықтан, барлық келісім міндетті түрде жазбаша рәсімделуі керек екенін ескертті.
Сарапшының айтуынша, келісімшартты мұқият қарап, қажет болса өзгерістер енгізу болашақтағы дау мен алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.