2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келетін адамдар саны артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-наурыз айларында елімізге 6,2 мың адам қоныс аударған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ға көп көрсеткіш, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Ал осы уақыт аралығында Қазақстаннан 989 адам көшіп кеткен. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 11,8%-ға төмен. Осылайша, көші-қон сальдосы оң нәтиже көрсетіп, +5,2 мың адамды құрады.
Ресейден келушілер көбейген
Қазақстанға өзге елдер ішінде ең көп көшіп келгендер – Өзбекстан азаматтары, олардың саны 2,3 мың адамды құрайды. Дегенмен бұл бағыттағы көрсеткіш 12,9%-ға азайған.
Ал Ресейден келгендер саны айтарлықтай өскен. Үш айда Қазақстанға Ресейден 1,2 мың адам қоныс аударған, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 28,8%-ға көп көрсеткіш.
Сондай-ақ Қытайдан келгендер саны да күрт өсіп, 1,2 мың адамға жеткен.
Бұдан бөлек, Қазақстанға Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Германия, Грузия, Оңтүстік Корея және АҚШ азаматтары да көшіп келген.
Қазақстаннан қай елдерге көшіп жатыр?
Қазақстан азаматтары көбіне Ресей мен Германияға қоныс аударуын жалғастырып жатыр. Алайда бұл бағыттардағы көшу қарқыны біршама төмендеген.
Сонымен қатар Польшаға көшетіндер саны артқан. Биыл алғашқы тоқсанда бұл елге 110 адам кеткен.
Бұдан бөлек, қазақстандықтар Қырғызстан, АҚШ, Беларусь және Өзбекстан елдеріне де көшіп барған.
Елге білікті мамандар келіп жатыр ма?
Көшіп келгендердің арасында жоғары білімді мамандар саны көбейген. Қазақстанға техникалық, экономикалық, педагогикалық, медициналық және заңгерлік мамандық иелері жиі қоныс аударған.
Мәселен, техникалық мамандық иелері — 673 адам, экономистер — 206, педагогтар — 161, медицина саласының мамандары 107 адамды құраған.
Ал Қазақстаннан негізінен техникалық, экономикалық және педагогикалық бағыттағы мамандар кетіп жатыр.