Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік арнайы қызметтермен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматтарын елге қайтару операциясын жүргізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, 7 және 12 мамыр күндері террористік қылмыс жасады деген күдікке ілінген төрт қазақстандық шетелден Қазақстанға жеткізілген. Оларды ҰҚК арнайы жасағы алып келген.
“Күдіктілер ұзақ уақыт бойы шетелде жасырынып жүрген. Олар ҰҚК-нің іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталды”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған азаматтарға қатысты қылмыстық істер аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.