homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда 2026 жылдың қазанында пайызсыз ипотека іске қосылуы мүмкін

13.05.2026, 10:44

Қазақстанда ислам қағидаттарына негізделген пайызсыз ипотека 2026 жылдың қазан айынан бастап іске қосылуы ықтимал. Бұл туралы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Оның айтуынша, Отбасы банк қазіргі уақытта ислам ипотекасы өнімін әзірлеп жатыр. Банк басшысы бұл бағыттың Қазақстанда болашағы зор екенін атап өтті.

— Бұл тақырыпқа қатысты халықтан өте көп сұрақ түсіп жатыр, — деді Ләззат Ибрагимова.

Жаңа өнім күзде таныстырылуы мүмкін

Банк мәліметінше, сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Парламентке ұлттық кредиттік-рейтингтік агенттік туралы заң жобасын таныстырған. Құжат аясында Отбасы банкке исламдық қаржыландырумен айналысуға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.

Ләззат Ибрагимованың сөзінше, заң маусым айының соңына дейін қабылдануы мүмкін. Одан кейін лицензия алу рәсімі тамызға дейін жалғасады.

— Қыркүйекте немесе ары кеткенде 1 қазанда ислам қағидаттарына негізделген жаңа өнімді таныстырып, оны іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді банк басшысы.

Ислам ипотекасының ерекшелігі қандай?

Шариғат талаптарына сәйкес, исламдық қаржы жүйесінде пайыз алуға тыйым салынады.

Осыған байланысты банк пайызсыз депозиттер мен несиелер ұсынуды қарастырып отыр.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұл жүйе дәстүрлі ипотекадан өзгеше механизммен жұмыс істейді.

Дереккөз: Kazinform