Тараз қаласында 15 жастағы жасөспірім көлік тізгіндеп, полициядан қашу кезінде жантүршігерлік жол апатына себеп болды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған Audi көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабына бағынбай, қашып кетуге әрекет жасаған.
“Жүргізуші көлікті тоқтату туралы талапты елемей, жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіре отырып қашып кетуге әрекеттенген”, – деп хабарлады полиция.
Алайда жүргізуші көлікті басқара алмай, электр бағанына соғылған. Апат салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды.
Көлік тоқтағаннан кейін рөлде 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталған. Оның жүргізуші куәлігі болмаған.
“Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді”, – делінген ПД хабарламасында.
Қазір құқық қорғау органдары жасөспірімнің көлікке қалай қол жеткізгенін анықтап жатыр. Сонымен қатар көлікті жүргізу құқығы жоқ адамға берген көлік иесінің әрекетіне де құқықтық баға берілмек.
Полиция ата-аналар да баланы тәрбиелеу және бақылау міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Ведомство өкілдері полицияның заңды талабына бағынбау мен құқық қорғау органдарынан қашу ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.