Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева адам өлтіруге қатысы жоқ деп танылды. Бұл туралы Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әйелдің адам өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.
Сонымен қатар қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелген. Алайда бұл бойынша әзірге құқықтық баға берілмеген.
Ақбаян Мұқанғалиева күдікті ретінде танылмаған және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Психиатриялық сараптама қорытындысы қашан шығады?
Прокуратура мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиеваға Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысы прокуратураға әлі түспегенімен, дайын екені айтылып отыр.
— Қорытынды қолымызға тигеннен кейін жан-жақты зерттеледі. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін, — деді Жандар Болатбек.
Қазіргі таңда әйел Атырауға оралып, облыстық психиатриялық орталықта жатыр.
Айта кетсек, Жангелдин ауылындағы отбасы өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған. Негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев өз кінәсін мойындап, тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.
Бұған дейін психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде оның толықтай есі дұрыс деп танылғаны хабарланған еді. Заң бойынша оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салсақ, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын.
2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысындағы шаруашылық қоралардың бірінен жоғалған отбасы мүшелерінің екеуінің — отбасы отағасы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаттары болғаны анықталды.
Сот-медициналық сараптама мен тергеу барысында жиналған дәлелдерге сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны белгілі болды. Ал отбасының қалған үш мүшесі — отағасы, жұбайы және қызы қараша айында көз жұмған.
9 қаңтар күні отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев іздеуге жарияланғаны ресми хабарланды. Сонымен қатар марқұмдардың қызына да күдікті мәртебесі берілген еді.
24 ақпанда Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның Индонезиядағы Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны белгілі болды. Наурыз айында олар Атырауға жеткізілді.
Кейін полиция қызметкерлері Сұлтан Сәрсемәлиевті Жангелдин ауылындағы қылмыс болған үйге апарған. Тергеу әрекеттері кезінде ол қайын атасы мен қайын енесін қалай өлтіргенін көрсетіп, тергеушілердің сұрақтарына жауап берген.