homepage
Studio Romantic/Shutterstock.com

Қазақстанда екі мамандыққа сұраныс артты

12.05.2026, 12:22

Қазақстанда білікті кадрларды тарту үшін шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Қазіргі таңда сұранысқа ие 50-ден астам мамандық бойынша шетелдік жоғары білікті мамандарға елде тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі қарастырылып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тізімге ақпараттық технологиялар, медицина, инженерия және креативті индустрия салаларының мамандары енгізілген.

Дәрігерлер тапшылығы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері медицина саласында кадр тапшылығы сақталып отыр.

Enbek.kz порталы деректеріне сәйкес:

  • акушер-гинеколог мамандығы бойынша 469 бос орынға 100 ғана түйіндеме;
  • педиатр бойынша 448 вакансияға 139 түйіндеме;
  • анестезиолог-реаниматолог мамандығында 300 бос орынға небәрі 75 үміткер тіркелген.

Сонымен қатар онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

IT-мамандарға да сұраныс артқан

Ақпараттық технологиялар бағытында да маман тапшылығы байқалады. Қолданбалы бағдарламашыларға 509 бос жұмыс орны ұсынылса, графикалық дизайнерлер үшін 355 вакансия жарияланған.

Министрлік мәліметінше, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері – 8 мыңға жуық, акушер-гинекологтар – 4,6 мың, педиатрлар 4,1 мың еңбек шартын құрайды. Сондай-ақ шетелдік мамандармен 55 еңбек шарты рәсімделген. Олардың басым бөлігі – автоматтандыру инженерлері.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, ішкі еңбек нарығы сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Алайда денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы әлі де өзекті.